Украинада соғыстың алтыншы күні: Харьков қаласындағы ахуал өте қиын

Харьков қаласындағы ахуал өте қиын. Түнімен атыс естіліп, тұрғын үйлерге оқ тиген. Сағат таңғы 8-де қаланың әдемі ғимараты – облыс әкімшілігі жарылды. Бұл көрініс камераға да түсіп қалған. Үйінділер астынан 6 адам ғана шығарылды. Бұл туралы Украинаның төтенше жағдайлар министрлігі хабарлайды. 

Украинада соғыстың алтыншы күні. Елдегі жағдай әлі де қиын. Киев оның өңірі, Харьков қаласы түнімен ауыр ұрысты басынан өткерді. Атыстан емхана, перзентхана, көпқабатты үйлерді де қирап жатыр.

Дабыл туралы хабарлама өткен түнде Киев тұрғындарына сағат сайын түсті. Қалада қалып қойғандар, әсіресе балалы жанұялар жер астына тығылды.

Солтүстік өңірге қарағанда, Украинаның батысы тыныштау. Дей тұрғанмен, мұнда блок-посттар өте көп. Кез-келген көлікті тоқтатып, тексеріп жатыр. Жолдардан ағылған әскери техникаларды көріп жатырмыз. Төбеде ұшақтардың гүрілі үрей тудырады. Қайда ұшып барады, оқ жаудыра ма деген қорқыныш бар.

Жергілікті билік атыс кезінде өзіңді қалай ұстау керек деген тақырыпта үндеу жасайды. Айталық, үйіңіз тұрақты қарулы қақтығыстар аймағында орналасқан болса, алдымен терезелерді құм қапшықтарымен немесе қатты жиһазбен жабуға кеңес береді. Айтуларынша, тапаншадан, автоматтан, мылтықтан, пулеметтен оқ жауса, ваннаға барып тығылған қауіпсіз екен. Кешке ауылдың өзінде жарық жағылмайды. Балалар қалың киініп ұйықтайды. Құжаттар қасымызда. Сирена естігенде, тығылып, бас сауғалауға тура келеді.