Швейцария Ресейге қарсы санкция енгізді

Швейцария Ресейге қарсы санкция енгізді

Швейцария ЕуроОдақтың Ресейге қарсы санкцияларының барлығын қолдайды. Владимир Путинмен бірге тағы бірқатар саяси тұлғаларға да шектеу салынды. Швейцария банктеріндегі ресейліктердің активтері де бұғатталады. Деректерге қарағанда 2020-шы жылы Ресей азаматтары Швейцария банктерінде 11 миллиард доллардан астам қаржы сақтаған.

Иньяцио Кассис, Швейцария президенті:

– Ресейдің Украинаға шабуылы халықаралық құқықпен бірге саяси және моральдық тұрғыда да қайшы. Сондықтан  Федералдық кеңес Еуропалық Одақтың осы мемлекетке салған барлық санкцияларын енгізу туралы шешім қабылдады.

АҚШ РЕСЕЙДІҢ 12 ДИПЛОМАТЫН ЕЛДЕН ҚУАДЫ

АҚШ Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Ресей өкілдігінің 12 қызметкерін елден шығаратынын мәлімдеді. Ресейдің Тұрақты өкілі Василий Небензяның хабарлауынша, дипломаттарға тыңшылық жасады деген айып тағылған. Небензя АҚШ-тың бұл қадамы міндеттемелерді өрескел бұзу деп атады. 

Василий Небензя, Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

– Ресей өкілдігінің 12 қызметкері 7 наурызға дейін АҚШ-тан кетуге тиіс. Олар - Біріккен Ұлттар Ұйымының дипломаттары, әзірге аты-жөндерін білмеймін. Олар Ресей өкілдігіне бас сұғып, талаптарын бізге жазбаша қалдырды. Біз Бас хатшының алдында міндеттемелерін өрескел бұзып жатқан тұрақтау елін төрелік сотына беру мәселесін көтердік.