Гаага Халықаралық соты Украинаның Ресейге қарсы берген шағымына қатысты тыңдау өткізеді

Біріккен Ұлттар Ұйымының Гаагадағы Халықаралық соты Украинаның Ресейге қарсы берген шағымына қатысты 7-8 наурызда тыңдау өткізеді.

Ресми Киев Кремльді басқыншылық әрекетін ақтау мақсатында "геноцид" ұғымын бұрмалап қолданғаны үшін жауапқа тартуды сұрап отыр. Украина президенті "Рейтер" ақпарат агенттігіне берген арнайы сұхбатында бомбалау жалғаса берсе, келіссөздер болмайтынын ескертті.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Украина аспанын жабу бізге жақсы көмектесер еді. Бұл НАТО елдерін соғысқа тарту деген сөз емес. Жаппай соғыс қимылдарын Украина емес, Ресейдің бастағаны айдан анық. Байденмен бірнеше рет сөйлестім. Әрине оған барлық қолдауы үшін алғыс білдіремін, бірақ олар мені толық естіп отырған жоқ. Мен Украина өліспей беріспейді деп шегелеп айттым, алайда біз Ресейге қарсы жалғыз қалып қойдық. Мен Ресей дегенде оның халқы туралы емес, әскері мен билігі туралы айтып тұрмын. Орыстардың арасында бізді қолдайтындар өте көп. Міне солар көшеге шығып жатыр. Мынаны түсінген дұрыс: егер Украина күйресе, Ресей әскері НАТО-ның мүшелері Литва мен Польшаның шекарасына дейін барады.

Ресей әскери операцияны жалғастыра бермек

Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу "мақсат орындалмайынша, Украинадағы арнайы әскери операцияны жалғастыра береміз" деп мәлімдеді. Ол "бұған басты себеп Ресейді Батыс елдерінің тарапынан төніп тұрған әскери қауіп-қатерден құтқару" деді. Кремль әскері Украинаның 1325 әскери нысанын қиратқанын айтты.