Харьков қаласындағы жағдай өте қиын

Украинада әскери іс-қимылдардың басталғанына бүгін жетінші күн. Халық саны бойынша екінші ірі қала – Харьковтағы ахуал күрделі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһар басшысы түні бойы мұнда атыс дыбыстары толастамағанын айтады. Бүгін облыстық полиция басқармасының ғимараты талқандалды. Соққыға ұшыраған құрылымдар қатарында тұрғын үйлер де бар. Алайда Ресей өкілдері азаматтық нысандарға тимейтіндерін айтып отыр.

Бұл Украинананың Харьков қаласындағы облыстық полиция басқармасы. Ғимарат зымыранмен атқыланған. Тарап жатқан мәліметке қарағанда, ірі кешенде Украина қауіпсіздік қызметінің бөлімі де орналасқан екен. Жергілікті билік халық саны бойынша елдегі екінші ірі қалаға жасалған шабуылдың бәріне тойтарыс берілгенін айтады. Украина күштері Ресей әскерінің 40 техникасын талқандаған. 

Игорь Терехов, Харьков қаласының мэрі:

– Түнде жағдай өте күрделі болды. Қала бомбаланды. Тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарға нұқсан келді. Қазір коммуналдық қызмет өкілдері қолдан келгенше үйлерге жылу беруге тырысып жатыр. Қоқыс жинау қызметі де жұмыс істеп тұр. Қала толығымен қоршауға алынды деуге келмейді. Десе де ішінара құрсауда қалды. Ахуал өте қиын. 

Қаладағы қақтығыс салдарынан бір аптаның ішінде 21 украиналық адам қаза тапқан. Тағы 100-ден астам тұрғын жараланған. Бұл туралы облыстың мемлекеттік әкімшілік басшысы хабарлады. Қазір шаһардан шетелдік студенттерді эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Қаладан кетіп жатқан тұрғындар да жетерлік.   

Владимир Кравченко, Харьков қаласының тұрғыны:

– Соққылау аяқталар емес. Балалар үшін қатты қорқамыз. Сондықтан басқа облысқа кетеміз деп шештік. Жолға шыққанымызға екі сағат болды. Сонда Харьковтан бар болғаны 10 шақырым ұзадық. Қаладан бүкіл тұрғын кетіп жатқан сияқты. Коменданттық сағатқа дейін жоғары жылдамдықты тас жолға шығып алсақ екен. 

Ал бұл тұрғын үйге жасалған шабуыл. Нысанға зымыран тиген сәт бейнежазбаға түсіп қалған.  

Тұрғындар төтенше жағдайлар қызметіне көмек көрсетіп жатыр. Дәрігерлер жарақат алғандар қатарында балалардың да бар екенін айтады.

Эдуард Руденко, аурухана басшысы:

– Зымыран зауытқа түсті. Жарылыс толқынымен аурухана ғимараты да зақымданды. Біздің жертөле бомбадан жасырынатын орын қызметін атқарып келген. Жарақат алғандар, соның ішінде жағдайы ауыр адамдар бар. Ауруханаға екі бала жеткізілді. Бәріне көмек көрсетіп жатыр.

Харьков қаласына жасалған шабуыл жөнінде Ресейдің Қорғаныс министрілігі әзірге түсініктеме берген жоқ. Алайда олар бұған дейін азаматтық нысандарға тимейтінін мәлімдеген еді.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Зәуреш Думанқызы