Ресейге салынған санкция әсері: 6 млн өзбек мигранты еліне қайтуы мүмкін

Өзбекстанның қаржы нарығында ахуал нашарлап барады. Ресейге салынып жатқан экономикалық санкция салдары көрші елді де қыспаққа алған. Себебі онда 6 миллион өзбек мигранты еңбек етеді. Іскерлік белсенділік төмендесе, олар еліне қайтуға мәжбүр болады.

Өзбекстанның ақша айырбастау орындары демалыс күндері жабық тұр. Шетел валютасын тек қара нарықтан табуға болады. Рубльдің құнсыздануы делдалдардың пайда табуына да жол ашты. Бірер күн бұрын Орталық банк нарықтағы жағдайға араласып, екінші деңгейлі қаржы ұйымдарына Ресей валютасын тиімді бағада сатып алуды міндеттеген. Нәтижесінде еңбек мигранттары жаппай банктерге ағыла бастады. Қаржы жинақтарын төл ақшаға ауыстыруға асықты. Кейінгі бір аптада рубль өзбек сомына шаққанда 40 процентке арзандады.

Тимур Шайданов, экономист:

– Ресей экономикасының күрт төмендеуі бізге де әсер етеді. Бұл мемлекет сыртқы саудадағы негізгі серіктесіміз. Онда мигранттарымыз көп. Сол жерде өмір сүреді. Табыс табады. Өз Отанындағы отбасын асырайды. Сондықтан Ресей мен Украина арасында қақтығыстың тез арада тоқтағаны біз үшін аса маңызды. Бауырлас елдер арасының ажырамауын қалаймыз.

Көрші ел нарығының көбіне Ресейге тәуелді екені белгілі. Өйткені 6 милллионнан астам өзбек азаматы Мәскеу, Санкт-Петербург сынды ірі қалаларда еңбек етеді. Ресейде іскерлік белсенділік төмендеп жатыр. Демек мигранттар да жұмыссыз қалуы мүмкін. Ал өзбек билігі тығырақтан шығар жол табуға міндетті. Ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашуға тиіс. Қазіргі экономикалық жағдайда бұл оңай шаруа емес.

Тимур Шайданов, экономист:

– Өзбекстан көрші елдермен достық байланыс орнатады. Біз байланысымызды саясиландырудан аулақпыз. Кез келген инвесторды қуана қарсы алуға әзірміз. Мейлі ол қазақстандық, ресейлік не америкалық болсын, экономикамызға жұмыс істеуіне мүдделіміз.

Экономистердің есебінше, Өзбекстанда енді іскерлік байланыс дамиды. Орталық банктің пайыздық мөлшерлемесі көрші елдермен бір деңгейде. Сәйкесінше, тиімді процентпен несие таратып, жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Елдің негізгі экспорттық тауары газға да сұраныс артуы мүмкін.

Игорь Юшков, Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының сарапшысы:

– Ресей Орталық Азия елдеріне көбірек көңіл бөледі. Бұрынғы кеңес одағы кеңістігінде жаңа инвестициялық жобалар іске қосылуы мүмкін. Еуропадан әкелінетін импортты алмастыруға басымдық беріледі. Өзбекстанның энергетика саласына қосымша қаржы құйылады.

Алайда мәселе тек рубльдің құнсыздануында ғана емес. АҚШ доллары да жергілікті ақшаға шаққанда қымбаттап барады. Ал Өзбекстан сыртқы саудадағы басқа серіктестерімен осы валютада есептеседі. 1 АҚШ долларының құны нарықта 10 мың 900 сомға тең.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Қазір елдің Орталық банкі азаматтардың шетел валютасындағы жинақтарын сақтауға барынша күш салып жатыр. Ал кей салада қымбатшылыққа төтеп беру мүмкін болмай тұр. Ең алдымен отандық зауыттан шығатын көлік бағасы көтерілді. Бірден 10-12 процентке өскені байқалады. Мұның себебін өндірушілер шетелден әкелінетін бөлшектердің қымбаттауымен байланыстырады. Логистика саласында да қиындықтырға тап болған.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов