Еуроодақ басшылары Версальда кездесті

Еуропалық Одақтың Ресей газынан тәуелділігі шамамен 40 процентті құрайды.

Әсіресе Ресейдің энергетикалық ресурстарына Германия мен Италия көбірек тәуелді. Сондықтан бұл елдің көгілдір отынынан бірден бас тарту да мүмкін болмай тұр. Бірақ Еуроодақ Ресей газына тәуелділікті біртіндеп 70 проценттен астам азайтуды жоспарлап отыр. Испания мен Франция энергияны пайдалануды оңтайландыратынын мәлімдеді.

Кришьянис Кариньш, Латвия премьер-министрі:

- Санкциялар бізді жазалап, экономикамызды әлсірету үшін қабылданған жоқ. Олар Путинді жазалап, оны келіссөзге итермелеу үшін Ресей экономикасын әлсіретуге бағытталған. Біз әскери жолмен күресіп жатқан жоқпыз. Оны Украина жүзеге асырып жатыр. Бірақ біз Украинаға көмектесіп, Путинді тоқтатуымыз қажет. Біздің қолымызда бар құрал тек санкциялар және оларды қолданудан қорықпауымыз қажет.

Версальдағы саммит бейресми болғандықтан ресми шешімдерді қабылдау қарастырылмаған. Бірақ Еуропалық Одақ қазір жалпы қауіп-қатер алдында жаңа қорғаныс стратегиясын құрып, жаңа энергетикалық жүйе жасақтауды көздеп отыр.

Дәурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова