Албанияда жанармай бағасы қымбаттап барады

Албанияда жанармай бағасы қымбаттап барады

Албанияда мыңдаған халық ереуілге шықты. Жиналған жұрт жанармай бағасының қымбаттауына наразылығын білдірген. 

Ашуға бой алдырғандар Тирана қаласында Үкімет ғимаратының алдында жиналып, көшелерді жауып тастаған. Ереуіл кезінде тәртіпсіздік орнап бірнеше адам қамауға алынды.

Ассоушиейтид пресс ақпарат агенттігінің хабарлауынша, дәл осындай акция елдің өзге де шаһарларында ұйымдастырылған. Жергілікті билік болса, жанармай құнының шарықтауына Украина мен Ресей арасындағы шиеленіс себеп болғанын алға тартады. Айта кетейік, соңғы бір аптаның ішінде елде жанармай құны 50 процентке аспандап кеткен. Бұдан бөлек азық-түлікте де қымбатшылық байқалады.

Флориан Бинай, жергілікті тұрғын:

- Билік өкілдері мен саясаткерлердің Үкімет басында жылдар бойы қалай отырғандарын түсінбеймін. Бала мектепте екі жыл дұрыс оқи алмаса білім мекемесінен шығарылады. Ал біз 30 жыл бойы шыдап келеміз.

Жанармайдың қымбаттауы Италия елінде де сезіледі. Қазір аймақта 1 литр бензин 2 еуродан асып тұр. Бағаның шарықтауынан тұрғындардың көбі жеке көліктерін пайдалана алмай отыр. Біразы қоғамдық көлікпен жүруге мәжбүр. Кейбірі скутермен қатынауды жөн көрді. Аналитиктердің пайымдауынша, Украина мен Ресей арасында бейбіт келісім орнамайынша баға тұрақталмайды. Айта кетейік, жуырда Италияның Эни (Eni) атты мұнай компаниясы Ресеймен алыс-берісін тоқтатқанын жариялады.

Десе де, жергілікті билік Ресей мұнайынан толықтай бас тартуға асықпайды. Мәселен, Италия бұл елден 40 процент газ бен 13 процент қара алтын импорттайды.