Германияда бір тәулікте 250 мың адамға вирус жұқты

Германияда бір тәулікте 250 мың адамға вирус жұқты

Германияда кейінгі бір аптада коронавирус індеті қайта ушықты.

Роберт Кох Институтының есебінше, бірнеше күн бойы тәулігіне 250 мыңнан астам адам ковид дертіне шалдығады. Кейбір вирусологтар Германияда індеттің алтыншы толқыны басталды деп, дабыл қақты. Сарапшылар денсаулық сақтау министрлігі барлық шектеу шараларын жеңілдетуге асықпауы тиіс деген пікір білдірді. Неміс Үкіметі пандемиядан шығу үшін үш сатылы бағдарлама жоспарын әзірлеген. Жаңа ереже бойынша халық көп жиналатын іс-шаралар ұйымдастыруға рұқсат берілді. Вакцина алмағандар да мұражай, кинотеатр мен мейрамханаға бара алады. Наурыздың 20-сынан бастап барлық шектеулер алынуы тиіс еді. Алайда эпидахуалдың ушығуына байланысты бұл жоспардың іске асуына күмән бар, дейді жұрт.

БЛИЦ:

- Асығыстық танытпай сәл күту керек сияқты. Науқастардың саны артып бара жатқанын көріп тұрмыз. Бізге ғимарат ішінде маска тағып жүру қиындық туғызбайды. Сосын міндетті түрде екпе егу керек деп ойлаймын. Әйелім екеуміз де вакцинаның 3 дозасын қабылдадық.

- Мен де ерте шешім қабылдаудан аулақ болу керек деген пікірдемін. Өткен жолы мектептерде маска тағу режимі күшін жойғанда індет жұқтырғандардың қатары лезде арта бастады. Сондықтан сақтық шараларына немқұрайлы қарамау керек. Кезекті локдаун экономикамызға ауыр тиеді.