Еуроодақ Ресейдің көгілдір отынынан толықтай бас тарта алмайды

Еуроодақ Ресейдің көгілдір отынынан толықтай бас тарта алмайды

Кейінгі айларда әлемдегі энергетикалық саясаттың ашуы қатты. Ресей - Украина қақтығысынан кейін баррельмен бағаланатын байлық төңірегіндегі жағдай тіпті ушықты. Қазір Еуроодақ ресейлік энергоресурстардан арылу жағын жіті талқылап жатыр. Бірақ бұл мәселеде одаққа мүше елдер екіге бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуропалық одақ Ресей мұнайы мен газына тәуелділіктен бас тартуға талпынады. Одаққа мүше мемлекеттер енді АҚШ-тан жеткізілетін сұйытылыған газ мөлшерін арттыра түспек. Бұл мәселе кеше Еуропалық одақ саммитінде талқыланды. Кездесуде ұйым елдері Еуропадағы қоймаларды толтыру ісін қолға алуға келісті. Қазір Канада да бұл істе кәрі құрлық елдеріне қол ұшын созуды көздеп отыр. Ресей мен Украина арасындағы қырғи-қабақ ахуалға байланысты мұнай экспортын 5 процентке арттыратын болды. Бұл туралы табиғи ресурстар министрі Джонатан Уилкинсон мәлімдеді. Оның айтуынша, канадалық кәсіпорындар мұнай мен газ экспортының күндік көлемін 300 мың баррельге дейін арттыруға әлеуеті бар. Десе де, Еуроодақ әзірге Ресейдің көгілдір отынынан толықтай бас тарта алмайды. Өйткені табиғи газдың 90 проценті – импорттық. Оның 40 проценті Ресейдің үлесінде.

Александр Де Кро, Бельгия премьер-министрі:

- Санкциялар Еуропадан гөрі Ресейге ықпал етуі керек. Біз өз-өзімізбен соғысып жатқан жоқпыз. Сондықтан бізді әлсірететін шектеулерге бармаймыз. Мұндай шаралардың еуропалық экономикаға кері әсері зор болады. Осы себепті мұның қажеті жоқ деп ойлаймын.

Былтыр Еуропаға жеткізілген газдың 45 проценті, мұнайдың 25 пайызы Ресейден келген. ВВС-дің ақпары бойынша, тек өткен айдың өзінде Еуроодақ елдері импорттық энергоресурстар үшін Мәскеуге 18 миллиард еуро төлеген. Оның 11 миллиардтан астамы газға, қалғаны қара алтынға кеткен. Финляндия премьер-министрі ресейлік энергоресурстарды сатып алу арқылы Еуроодақ Украинадағы әскери іс-қимылды қаржыландырып отыр дейді. Латвия да дәл осындай пікірде. Ел басшылығының ойынша, қазір Ресейдің әрекетіне қарсы жалғыз жол – газ келісімшарттарын бұзу.

Кришьянис Кариньш, Латвия премьер-министрі:

- Біз соғысты инвестициялаудың орнына Ресей экономикасын оқшаулауды жалғастыра беруіміз керек. Егер Украинадағы өлім деректерін тоқтатқымыз келсе, олардың күрес жүргізуіне көмектесуіміз қажет.

Ресейдің Украинадағы әрекетіне қазір Greenpeace те бұлқан-талқан болып жатыр. Жуырда бір топ активист Балтық теңізінде ресейлік танкер маңында наразылық акциясын өткізді. Осылайша олар саясаткерлерден Ресейден импортталатын қара алтынға тыйым салуды талап етті.

Манфред Сантен, Greenpeace белсендісі:

- Соғыс басталғалы Ресейден мұнай артқан 230-дан астам танкер кетті. Ол Путиннің Украинаға қарсы соғысын қаржыландырып отыр. Еуроодақ басшыларынан шұғыл түрде эмбарго жариялауды талап етеміз. Себебі соғыс Еуроодақтың ақшасынан қаржыландырылмауы қажет.

Украинадағы ахуалға бей-жай қарамаған брюссельдіктер де қарсылықтарын білдіріп жатыр. Бейбітшілік шамдарын орнатқан қала тұрғындары Ресейге одан да қатаң санкциялар салуға шақырды.