Украинадағы ахуал: екі млн бала босып кеткен

Украинадағы ахуал: екі млн бала босып кеткен

Украинада қарулы қақтығыс басталғалы балалардың 60 проценті өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 2 млн-ға жуығы өзге елде пана тапса, тағы 2,5 млн-ы ел ішінде қоныс аударды. Бұл БҰҰ ұсынған мәлімет. Бір млн-нан астамы Польшаға табан тіреген, қалғаны Румыния, Молдова, Венгрия, Словакия мен Чехияда тұрақтады. ЮНИСЕФ-тың атқарушы директоры Кэтрин Расселдың айтуынша, босқын балалардың саны күн өткен сайын артып барады. Олардың барлығы қауіпсіздік пен қамқорлыққа және білімге мұқтаж. Ұйым өкілдері босқын нөпірі өскен сайын адам саудасы мен зорлық-зомбылық, жасөспірімдерді мәжбүрлі қанау сияқты қылмыстық әрекеттердің етек жаюы мүмкін екенін ескертеді. БҰҰ-ның статистикасына сәйкес 1 айдан астам уақытқа созылған қақтығыстан Украинада жүзден астам бала бақилық болды. 134-і түрлі жарақт алған.