Кезекті келіссөз: Украина мен Ресей қандай келісімдерге қол жеткізді

Вести.ру

Осы аптада Украина мен Ресей келіссөздері қайта жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесу екі форматта өтеді деп жоспарланған. Бетпе-бет келіссөз Түркияның Ыстамбұлында өтсе, екінші раунд онлайн форматта жалғасады делінген.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Төрткүл дүниенің көз тіккен келіссөздерін таңғы уақыттан бері экранда көріп тұрғаныңыздай, ашық аспан астында бақыладық. Бұл жерге жету де оңайға соққан жоқ. Себебі ауданның қауіпсіздігі едәуір арттырылған. Жиын алдында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қос тараппен кездесіп, келіссөздерден нақты нәтиже алатын кез келгенін, әрбір делегация мүшесіне тарихи жауапкершілік жүктелгенін айтты. Долмабахче сарайында өткен бас қосу шамамен 4 сағатқа созылды. Айта кетерлігі, Долмабахче келіссөздеріне Роман Абрамовичтің келгенін де байқадық. Батыстың қатаң санкциясына тап болған кәсіпкердің мақсаты да мәселенің түйінін тезірек тарқату болса керек.

Келіссөздерде Украина делегациясы, Қырым мен Севастопольдің мәртебесі туралы 15 жыл бойы екіжақты келіссөздер жүргізу, осы 15 жыл ішінде қарулы күштерін қолданбау, Украина келіссөздердің кепілі ретінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің елдері, АҚШ, Франция, Түркия, Польша, Германия және Израильді ұсынды. Ал Донбасс мәселесі қос ел басшыларының кездесуінде бөлек талқылануы ұсынды. Ресей тарапы, Киев және Чернигов бағытында әскери белсенділікті күрт қысқарту туралы шешім қабылдағанын, Киевпен келіссөздер практикалық жоспарға өтіп жатқанын мәлімдеді. Делегация басшысы Владимир Мединскийдің айтуынша, келіссөз «конструктивті» өтті. Нақты нәтижелер алдағы уақытта жарияланады.

Михаил Подоляк, Украина президентінің кеңесшісі:

– Қазір кейбір маңызды мәселелер бойынша қарқынды консультациялар жүргізілуде. Олардың ішінде ең маңыздысы – Украинаның халықаралық қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы келісім. Өйткені бұл келісім арқылы біз соғысты Украинаның есебіне аяқтай аламыз. Екінші өте маңызды мәселе – қордаланып қалған барлық гуманитарлық мәселелерді шешу үшін атысты тоқтату. Олардың барлығына шұғыл шешім қажет. Қазір бұл туралы келіссөздер жүріп жатыр.

Владимир Мединский, Ресей президентінің көмекшісі:

– Ресей тарабы Украинаның «келісімшартқа қосуға арналған ұсыныстарын» қарастырып, ол жайында Президент Владимир Путинге жеткізеді. Сөйтіп жақын арада бұл ұсыныстарға қатысты тиісті жауап қайтарылады.

Кездесудің онлайн форматтағы раунды 1 сәуір басталды. Бұл жөнінде қос елдің келіссөздер бойынша делегациясының жетекшісі Мединский мен Давид Арахамия телеграм парақшазында жазды. Оның нәтижесі әлі белгілі емес. Дегенмен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қос елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, келіссөздерді Түркияда өткізуге дайын екенін жеткізді.