Украинадағы ахуал: БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті

АҚШ-та өткен Украинадағы ахуалға байланысты БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің отырысына Владимир Зеленский онлайн қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйымның қауіпсіздік кеңесіне алғаш рет видеоүндеу жолдаған Зеленский Ресейді өз әрекеті үшін қатаң жауапқа тартып, БҰҰ-мын реформалауды ұсынды.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- БҰҰ кепіл берген қауіпсіздік қайда? Ұйым бейбіт өмірді қамтамасыз ету үшін құрылған жоқ па? Басқыншыларды бейбітшілікке шақыру – бекер іс. Бұлай жалғаса берсе, әр мемлекет өз қауіпсіздігін сақтау үшін халықаралық құқық пен институттарға емес, қаруына ғана сенетін болады. Қазір бізге ұйымның нақты және нық қадамы қажет. БҰҰ-ның Ресейді өз құрамынан шығарғаны жөн, не болмаса бұл ұйым тарқауы керек. Бүгінде Украинада Ресей тарапынан Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін болмаған әскери қылмыстар жасалып жатыр.

Кездесуде Зеленский Ресей тарапына қатысты бірнеше айып тағып, бұл үшін Мәскеуді қатаң жазалау керектігін алға тартты. Бұған Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Василий Небензя бұл айыптарды жоққа шығарып, Буча қаласындағы қатыгездікке Мәскеудің қатысы барына еш дәлел жоқ екенін айтты.

Василий Небензя, Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі:

- Батыс елдері Ресейге қарсы арандатушылық әрекетті мықтап қолға алғандарын біз жақсы түсініп отырмыз. Алдағы уақытта Ресей әскерінің беделін түсіріп, оларды адам өлтіруші, жәбірлеуші ретінде көрсету үшін түрлі әрекеттер әлі де орын алатын көрінеді. Бұған Бучадағы оқиға дәлел. Қазір заманауи технологияның көмегімен кез келген видео жасап шығаруға болатынын білеміз.