Польша мен Балтық елдері басшылары Киевке барды

Польша мен Балтық теңізі жағалауындағы Латвия, Литва, Эстония елдерінің басшылары Киевке барып Украина президентімен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сапар Украинаға қолдау көрсетуге бағытталған. Кездесу – барысында  төрт елдің басшысы президент Владимир Зеленскиймен бірер апта бұрын Ресей әскерінен азат етілген Киев облысындағы Бородянка қаласын аралады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Украинаға әскери көмекті арттырып, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге келісті.

Анджей Дуда, Польша президенті:

ХХІ ғасырда әйелдер мен балаларды өлтіру, үйлер мен ғимараттарды атқылау – нағыз лаңкестік әрекет. Соғыс ережелері мен халықаралық құқықты бұзып, тәртіпті аяққа таптау.

Эгилс Левитс, Латвия президенті:

Бұл сапар Украинамен қарым-қатынасымыздың тығыз екенін көрсетеді. Қазіргідей қиын жағдайда Украина демократия үшін күресіп жатқан кезде Киевпен бірге екенімізді білдіреді.