Германияда 60 мың украиналық бала мектепке барды 

Германияда 60 мың украиналық бала мектепке барды 

Көптеген қалалар мен аймақтарда босқын оқушыларға арнап қосымша сыныптар ашылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жекеменшік қайырымдылық ұйымдары да сабақ беруге кіріскен. Бірақ мигранттар өте көп болғандықтан, мұғалім жетіспейді. Сондықтан неміс мектептері украиналық педагогтарды көптеп орналастырып жатыр. Бұдан басқа, Германия Мұғалімдер одағы зейнетке шыққан ардагер ұстаздарды да білім беру үдерісіне қатыстыруды ұсынды. Осы соғыс басталғалы, яғни 6 аптада Германияға 340 мың украиналық келген. Оның көбі – әйелдер мен балалар.

Вольфганг Бюшер, «Die Arche» балалар қайырымдылық ұйымының баспасөз хатшысы:

– Біздің жобамыздың арқасында украиналық босқындардың балалары оқуды жалғастыра алады. Украинада мұғалім болып істеген мамандарды да жұмысқа орналастырып жатырмыз. Балалар сабаққа қуана-қуана қатысып, өзін үйінде жүргендей сезінуде. Қазір Берлинде, Франкфурт пен Кёльнде 400-дей оқушы білім алып жатыр. Балалар мен ата-аналарына таңертең және түсте тамақ береміз. Бәрі тегін.