Қытайдың ғарыштағы жоспары қандай?

Қытайдың ғарыштағы жоспары қандай?

Қытай биыл өзінің ғарыш станциясын салып бітіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарты жыл бойы орбитада болған «Шэньчжоу-13» ғарыш кемесінің экипажы құрылыстың бірінші кезеңін сәтті аяқтады. Жазда осы кешенге келесі экипаж аттануы керек.

«Шэньчжоу-13» ғарыш кемесінің экипажы орбитада жарты жыл жұмыс істеді. Бұл Қытай үшін рекордтық көрсеткіш. Ал Ван Япин ашық ғарышқа шыққан елдегі тұңғыш әйел болды.

Ян Хун, ҚХР ғарыш технологиялар академиясы ғарыш станциясының бас жобалаушысы:

- Негізгі модуль орбитада бір жылдай ұшып жүр. Осы мезгілде ғарыш инженерлері барлық көзделген міндетін сәтті орындады. Екі пилотты ғарыш кемесі және екі жүк аппарытымен түйісіп, «Шэньчжоу-12» және «Шэньчжоу-13» кемелерінің экипаждары үш және алты ай орбитада жұмыс істеді. Оған қоса, ғарышкерлер тіршілікті қамтамасыз ету және станцияны құрастыру секілді негізгі технологияларды тексерді. Қол жеткізген нәтижелері жоспардан да асып түсті.

Ел билігі ғарыш станциясын құрастырудың екінші кезеңіне кірісетінін жариялады. Мамыр айында оған жүк кемесін жіберу көзделіп отыр. Ал маусым айында «Шэньчжоу-14» кемесінің экипажы жарты жылға аттанып, станцияны құрастыруды аяқтауы тиіс. Негізгі модульге зертханалық екі модуль қосылады. Осыдан кейін «Шэньчжоу-15» кемесінің экипажы әріптестерін ауыстырып, жарты жыл үш модульді станцияда жұмыс істейді.

Хао Чунь, ҚХР пилотты ғарышкерлік бағдарлама кеңсесінің жетекшісі:

- Қытай пилотты ғарышкерлігін дамытуда ғарышты бейбіт қолдану, теңдік пен өзара пайда қағидаттарын ұстанады. Бірқатар ел мен ұйымдармен ынтымақтасу келісімдеріне қол қойып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда үлкен нәтижелерге жеттік. Қытайдың орбиталық станциясын тағдыры ортақ Дүниежүзілік қауымдастықты құру мақсатындағы платформаға айналдыруға дайынбыз. Түрлі елдердің ғарышкерлері және зерттеушілермен бірге адамзат игісіне шексіз ғарыш кеңістігін зерттеуді жалғастырамыз.

Қытай биыл ғарыш бағдарламасының 30 жылдығын атап өтуде. Орбиталық станциямен қатар өзге бағыттарда да жобаларды жүзеге асырып келеді. Жерге Айдың топырағын жеткізді. Болашақта оған пилотты кемелер жіберіп, ғылыми станцияны ашуды көздеп отыр. Қытай АҚШ-тан кейін Марста өз роверін жүргізген әлемдегі екінші ел атанды. Осыдан екі жыл бұрын Бэйдоу спутник жүйесі жұмысын бастап, әлемдегі навигациялық төрт жүйенің бірі болды.

Ботагөз Сырғабаева