Бес мемлекетке ортақ Каспий теңізінің деңгейі төмендеп барады

Бұл – дабыл қағарлық мәселе. Экологтар су айдынына құйылатын Еділ мен Жайық арнасының тазаланбауынан дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеңестік кезеңнен кейінгі 30 жылда осы мәселеге ешбір мемлекет назар аудармағаны өкінішті. Нәтижесі аянышты, екі ірі өзеннің табанына  табиғи және тұрмыстық қалдықтар шөгіп қалған. Каспийге қосылатын өзге де кішігірім өзендердің бойына жаппай бөгет салынғаны тағы бар. Егер теңіз экологиясына селқос қарау осылай жалғаса беретін болса халықаралық деңгейдегі экологиялық апаттың туындауы ғажап емес дейді сарапшылар. 

Вячеслав Бизиков, Бүкілресейлік балық шаруашылығы және океанография институты директорының орынбасары:

– Өзендердің ағысы әртүрлі кедергілердің және жаһандық жылынудың әсеріне төмендеп келеді. Өз кезегінде Каспийдің деңгейі түсіп барады. 2005 жылдан бергі уақытта теңіз кей жерлерде 30 метрге дейін шегініп кетті. Салдарынан жағалау белдеуі өзгеріп, кішігірім аралдар құрлыққа қосылды. Енді қайтпек керек? Түркіменстанға тиесілі Кара-Богаз-Гол шығанағына бұрын бөгет салынып, өзендердің ағысы реттелетін. Қазір мұндай жұмысты жасау үшін халықаралық келісім болуы қажет.

Кирилл Осин, эколог:

– 95 жылға дейін Каспий деңгейі біршама көтерілді. Мәселен Ақтауда алғашқы жағажайлардың кейбірі су астында қалғанын көрдік. Кейінгі жылдары судың кері шегінуі байқалды, күні бүгінде жалғасып келеді. Адамзаттың қолымен жасалған кедергілерден бөлек соңғы уақытта жауын-шашын мөлшері де күрт азайды. Каспий Арал теңізінің тағдырын қайталайды деп айтуға әлі ерте. Қауіптің алдын алу үшін дәл қазірден бастап Қазақстанда теңіздегі өзгерістерге талдау жасайтын ғылыми-зерттеу институтын құруды қолға алу керек.

Ақтауда жағажай туризмі қарқынды дамып жатыр. Каспийдің мөлдір суына шомылып, таза құмына қыздырыну үшін жылда шетел мен өзге аймақтардан туристер келеді. Ашық теңізге шығуды ұнататындар үшін жағажайдағы яхт-клубтан  су көлігін жалға алуға болады. Су деңгейінің төмендеуі бұл салаға да кері әсер етері белгілі.

Сергей Кулькин, яхт-клуб командоры:

– Ұзындығы 100 метр айлағымызды толық пайдалана алмай отырмыз. Өйткені, серуенге арналған су көліктерін қабылдап, суға түсіру үшін тереңдік кемі 2-3 метр болуы керек. Қазір айлақтың орта тұсында теңіздің тереңдігі жарты метрге дейін жетпейді. Амал жоқ, айлақты ұзартуға тура келеді. Жалпы теңізде толқынға қарсы тосқауылдар қойылуы керек. Бұл тәсілді Түркия мемлекеті кең қолданысқа енгізген. Бұдан соң күшті толқын болмайды. Кері ағыстың азаюынан айлақ тұрған аумақта судың көлемі артады.

Қазақстандағы жалғыз яхт-клубтың құрылғанына биыл 30 жыл толды. Ол уақытта судың деңгейі сонау сары контейнер тұрған жерге дейін барған. Содан бері 50 метрге шегініп кетті. Әрине, мұның салдары да жоқ емес. Айталық, яхт, катамаран тағы да басқа шағын су көліктері бұрын резеңке дөңгелектер тұрған жерге келіп аялдайтын. Қазір айлақтың басына келіп зәкір тастайды. Өйткені, қайырлап қалуы мүмкін.

Дүниежүзіндегі ең үлкен жабық су бассейні саналатын Каспийді сақтап қалу Қазақстан, Иран, Әзербайжан, Түркіменстан мен Ресейге ортақ міндет. Айтпақшы, су айдынына қатысты экологиялық мәселелер 12 мамырда Мәскеуде өтетін халықаралық жиында көтеріледі. Қандай шешім боларын уақыт көрсетеді.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Дана Нұржан