Жер бетінде әрбір бесінші бауырымен жорғалаушы жойылып кетуі мүмкін

Жалпы жануарлар әлеміне төніп тұрған қауіптің қара бұлты жыл сайын қоюланып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, жуық арада әрбір бесінші бауырымен жорғалаушы жойылып кетуі мүмкін. Ал жәндік саны екі есе азайған. Ғалымдар бұл климаттың өзгеруімен байланысты дейді. Әлемдегі әрбір бесінші бауырымен жорғалаушының 31 түрі жер бетінен мүлде жойылып кеткен. Халықаралық табиғатты қорғау одағы осылай деп дабыл қағып отыр. Мамандар оның бірнеше себебі барын айтады. Бұл орманның оталуы, аңшылық және климаттың өзгеруімен байланысты.

Брюс Янг, зоолог

Біз қазір адамзат тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірінде тұрмыз. Бауырымен жорғалаушылардың қауіпті топқа кіретін 21 проценті жер бетінен жойылып кетсе, біз эволюцияның 15 миллиард жылын жоғалтамыз.

ЖӘНДІКТЕР САНЫ ЕКІ ЕСЕ АЗАЙДЫ

Ал америкалық ғалымдар әлемдегі жәндіктердің саны екі есе азайғанын айтады. Бұл да климаттың өзгеруімен байланысты. Жағдайдың былай ушығуына адамдар да кінәлі дейді мамандар. Өйткені жәндіктер санының қысқаруы ауыл шаруашылығы жұмыстары қарқынды жүріп жатқан өңірде әсіресе қатты байқалады. Ғалымдар бұл қоршаған ортаға зиян екенін айтады. Оның үстіне адамның денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне қатер тудыруы мүмкін дейді.

БҰҰ: ТАБИҒАТ АПАТТАРЫНЫҢ САНЫ 40 ПРОЦЕНТКЕ АРТУЫ МҮМКІН

БҰҰ-ның өкілдері осы климаттың өзгеруі салдарынан 2030 жылға таман табиғат апаттарының саны 40 процентке артатынын болжайды. Қазір жыл сайын 400-ге жуық апат тіркелсе, болашақта бұл көрсеткіш 560-қа дейін жетуі мүмкін. Мамандардың баяндамасына сәйкес, алдағы уақытта аптап ыстық 3 есе жиілеуі ықтимал. Қуаңшылық де белең алады. Соның салдарынан адамзатқа жаңа пандемиялар мен азық-түлік тапшылығының қаупі төніп тұр дейді сарапшылар.  

БИЫЛ ОРМАН ӨРТІ ӘДЕТТЕГІДЕН ЕРТЕ БАСТАЛДЫ

Америкалық ғалымдар климаттың өзгеруінің салдары қазірдің өзінде айқын байқалып отырғанын айтады. Өйткені биыл елде орман өрті әдеттегіден ерте басталған. Себебі жаһандық жылынуға байланысты қар бұрынғыдай қалың жаумайды. Тиісінше топырақтағы ылғал азайып барады. Биыл орман өртінен әсіресе Техас штаты зардап шегіп отыр. Былтыр Калифорниядағы жағдай қиын болған. Өткен жылы мұнда 6 мыңнан аса орман өрті тіркелген еді. Биыл қуаңшылық салдарын азайту үшін жергілікті билік суды қатаң үнемдеу шараларын қолға алды.  

Адель Хагехалил, Metropolitan Water District компаниясының бас директоры

Тіршілік нәрін пайдалану шектеледі. Әр адам күніне 325 литр су тұтына алады. Даладағы өсімдіктерді аптасына бір рет қана суаруға болады. Талапқа бағынбағандарға айыппұл салынуы мүмкін.

  Авторы: Жұлдыз Атагельдиева