Microsoft компаниясы пайдаланушыларды Internet Explorer браузерінен бас тартуға шақырды

Бұл туралы компанияның блогынан мәлім етілді. Корпорация өкілдері қолданушыларға ескірген браузерді қолдау шаралары жақын арада аяқталатынын ескертті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Microsoft корпорациясы Windows пайдаланушыларын Edge браузеріне көше бастауға шақырды. Microsoft инженерлері, әсіресе, ІТ компанияларға үйреншікті браузерден жаңасына ауысу қиын болуы мүмкін екенін атап өтті. Бірінші кезекте Microsoft корпорациясы Edge-те Internet Explorer-ді іске қосуға мүмкіндік беретін арнайы режим бар екенін алға тартқан. Материал авторлары пайдаланушыларға белгілі бір сайттардың бұл бағдарламамен қалай ашылатынын тексеруді, ал инженерлер ескі браузерден біркелкі өту және жаңа бағдарламаны пайдалануды бастау үшін арнайы күнді жоспарлауға кеңес берді. Сарапшылардың айтуынша, Internet Explorer-ден Edge-ге барлық деректер мен параметрлерді тасымалдау аса маңызды. Ол үшін Edge мекенжай жолағына «edge://settings/importData» пәрменін енгізіп, «Импорттаудан...» батырмасын басып, «Microsoft Internet Explorer» опциясын таңдау керек. Microsoft өкілдері 2022 жылдың 15 маусымында Internet Explorer-ге қолдау көрсету тоқтатылатынын еске салды. Енді компьютеріне IE орнатқысы келетін пайдаланушылар Edge браузерінің парақшасына бағытталады.