Spacex капсуласы жерге сәтті оралды

Spacex капсуласы жерге сәтті оралды

Спейс Икс компаниясының Крю Dragon ғарыш кемесі 4 ғарышкерімен Жерге оралды. 3 америкалық пен 1 неміс астронавты мінген капсула түнде Мексика шығанағына қонды. НАСА агенттігінің хабарлауынша, экипаж мүшелері Халықаралық ғарыш станциясында жарты жыл болған. Осы уақытта олар тері жасушаларынан жасалған биопластырь мен құрылыста қолданылатын бетон қоспаларының жаңа түрлеріне ғылыми тәжірибелер өткізіпті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы, Илон Масктың компаниясы соңғы 2 жылда Жер орбитасына 26 адамды жіберді. Олардың 8-і турист. Бұдан бөлек, қазір аталған мекеме әлемді арзан әрі жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған Starlink жобасын жүзеге асырып жатыр. Өткен аптада орбитаға тағы 53 телекоммуникациялық спутник ұшырылды. Қазір кеңістіктегі жерсеріктер саны шамамен 2 мыңға жетеді. Мақсат – 2027 жылға дейін осы тәрізді 12 мыңнан аса құрылғыны көкке ұшыру.

Ғарышты игеру ісінде Қытай да АҚШ-тан қалыс қалмай келеді. Соңғы жылдардағы жетістігі әжептәуір. Мысалы, бүгінде Марста Қытайдың жеке зерттеу аппараты бар. Марстағы – миссияның атауы Tianwen-1, яғни «Аспанға сауал» деп қойылған. Ол Марстың магнитосферасын, ионосферасын және атмосферасын зерттеп, аумақты картаға түсіріп, шаңды дауылдарды бақылайды. Тау жыныстары мен топырақтың құрамын, минералдарды да зерттейді. Осы уақытқа дейін әлгі құрылғы Жерге 940 ГБ дерек жіберген. Бірақ қазір қызыл планетада ең суық маусым басталғандықтан, Қытайдың ғарыш басқармасы аппараттың энергия тұтынуын азайту үшін оның жұмыс уақытын қысқартуды ұйғарып отыр. 

Чжан Жунцяо, Қытайдың Марсты зерттеу жөніндегі миссиясының бас конструкторы:

Қазіргі уақытта марстағы құрылғымыздың барлық көрсеткіштері, оның энергияны сақтауы мен пайдалануы біз жасаған болжамға сай жүріп жатыр. Жуырда келер қысқа да жоспар құрып қойдық.

Бұдан бөлек, кеше көрші ел кезекті рет ғарышқа зымыран ұшырды. Ол кеңістікке 8 жер серігін алып шықты. Олар болашақта жер ресурстарын, қазба байлықтарын барлау мен ақылды қала тұрғызу ісінде қолданылмақ.

Rocket Lab алғаш рет зымыран сатысын қағып алды. Парашютпен төмендеп келе жатқан сатыны мамандар арнайы құрылғы орнатылған тікұшақпен іліп алып, кейін жақын маңда тұрған кемеге түсірген. Бірақ сақтық мақсатында бірден мұхитқа жіберіліпті. Егер зымыранның жағдайы жақсы деп бағаланса, ол алдағы уақытта қайта қолданылуы мүмкін.

ҒАРЫШТА ЖЕҢІС ТУЫ ЖЕЛБІРЕДІ

Өз кезегінде ресейлік ғарышкерлер Жеңіс күні қарсаңында ашық ғарышта Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс туының көшірмесін тікті. Бұл сәт барлық тұрғындар көре алатындай тікелей эфирде көрсетілді. Роскосмос ғарыш агенттігі таратқан ақпар бойынша, мереке алдында ту тігуді ғарышкер Олег Артемьев ұсынған. Сөйтіп Денис Матвеев екеуі Халықаралық ғарыш станциясынан тыс аймақтағы жұмыстар кезінде осы істі жүзеге асырыпты.