COVID-19: Ким неге кіжініп жүр – Солтүстік Корея

COVID-19: Ким неге кіжініп жүр – Солтүстік Корея

Әлем коронавирус зардабын ұмыта бастаған еді. Сөйтсек індет кетпеген екен. Екі жыл бойына шекарадан ұшқан құс түгілі вирус өткізбедік деген Солтүстік Кореяны тығырыққа тіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алпауыт елдерге доқ көрсетіп, маңғазданып жүретін Ким Чен Ынннан маза кетті. Ал әншейінде солтүстіктегі көршісінен секем алып отыратын Оңтүстік Кореяның бауырлас елге бүйрегі бұрып тұр. Солтүстік Кореядан бөлек қазір Қытай да  ковидке қарсы күресті күшейткен.

Коронавирус Ким Чен Ынды аяғынан тік тұрғызды. Көсем түнделетіп табанынан таусылып, дәріханаларды өзі аралап жүр. Дәл осы күні Коммунистік партияның шұғыл саяси бюросын да өткізді. Төтенше жиында әскерилерге ел астанасындағы дәріханаларға коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмекті тез арада жеткізуді бұйырды. Ким «Үкімет пен медицина саласы қызметкерлерінің жұмысы сын көтермейді», – деп кіжінді. Соңғы ресми дерек бойынша елде тағы 8 адам індеттен көз жұмып, құрбандардың жалпы саны 50-ге жетті. Сондай-ақ 400 мыңға жуық тұрғын ауруға шалдығып, науқастар қатары 1 миллион 200 мыңнан асты. Солтүстік Кореяда ковидке қарсы вакцина мүлде салынбаған. Халық емдік шөп қайнатып ішіп, аузын тұзды сумен шайып әлек. Жергілікті билік коронавирус белгілерін әзірге безгек деп хабарлап жатыр.

Ким Хиоң Хан, КХДР денсаулық сақтау вице-министрі:

– Біз карантиннен емдеу жүйесіне өттік. Бізге қазір жүктеліп отырған басты міндет – эпидемиологиялық жағдайды реттеу. Безгегі бар адамдарды анықтап, оларды оқшаулап, емге жатқызу жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ БАУЫРЫНА КӨМЕКТЕСУГЕ ДАЙЫН       

Солтүстік Кореяға оңтүстігіндегі бауырлас ел көмектесуге әзір. Бірақ бұл үшін Пхеньян тарапынан Оңтүстік Корея билігіне ресми өтініш жасалуы тиіс.

Юн Сок Ель, Оңтүстік Корея президенті:

– Біз коронавирус құрсауында қалған солтүстіккореялықтарға толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Гуманитарлық көмек жіберуге сақадай-сай екенімізді бұған дейін де бірнеше рет ашық айттым. Саяси немесе әскери жағынан ешқандай талап қоймаймыз да. Коронавирусқа қарсы вакциналар, басқа да дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабыдқты тегін беріп, медицина мамандарымен де қамтамасыз ете аламыз.