Жасы 42-ден төмен адамда шешекке қарсы иммунитет болмауы мүмкін

Екі жылдан аса уақытқа жалғасқан ковид пандемиясы аяқталмай жатып, әлемге тағы бір дерт қауіп төндіргелі тұр. Осы аптада маймыл шешегі 20-дан аса елге тарап, оны 250-ден астам адам жұқтырған.

Алғаш рет бұл вирус 1958 жылы Нигерияда маймылдан анықталғандықтан атауы содан шыққан. Дегенмен, оны негізінен егеуқұйрық секілді кемірушілер мен ұсақ сүтқоректілер таратады.

1970 жылы Конго демократиялық республикасында алғаш рет маймыл шешегінің адамға жұғуы тіркелді. Әдетте сирек кездесетін бұл инфекция Африкадағы тропикалық ормандар аймағынан әрі аспайтын. Алайда қазір бұл ауру өзге құрлықтарға, әсіресе Еуропа елдерінде тез тарап барады. Сондай-ақ оны жұқтырған адамдар Австралия, АҚШ, Канада мен Мексикада да анықталды. Маймыл шешегімен ауырған науқастың дене қызуы көтеріліп, буындары ауырады, денесі бөртеді.

Мамандардың айтуынша, одан бірнеше апта ішінде айығып кетуге болады. Дегенмен, өлім көрсеткіші 10 процентке жетуі мүмкін. Бұл денсаулық сақтау саласы нашар дамыған Африка елдеріндегі көрсеткіш. Дамыған елдерде өлім саны бұдан едәуір төмен болатыны анық. Ал мамандар маймыл шешегі ковид сияқты пандемияға ұласпайтынына сендіріп отыр. Өйткені инфекция жақын қарым-қатынас жасағанда, яғни терімен жанасқанда жұғады.

Дэниел Бауш, АҚШ Тропикалық медицина қоғамының сарапшысы:

- Ауруды жұқтыру саны өсуі мүмкін, бірақ ондаған мыңға дейін жетпейді. Жұрттың бұған алаңдауға негізі жоқ. Бұл келесі Ковид болмайды. Дегенмен, қауіпсіздіктің қарапайым ережелері мен тазалықты сақтаған жөн.

Әзірге маймыл шешегіне қарсы тиімді ем мен вакцина табылған жоқ. Алайда кәдімгі шешекке қарсы екпенің көмегі тиюі мүмкін дейді мамандар. Бірақ кәдімгі шешек вакциналаудың арқасында осыдан жарты ғасыр бұрын жойылған және екпе салу 1980 жылдан бері тоқтатылды. Бұл 42 жастан кіші бір де бір адамның осы ауруға қарсы иммунитеті жоқ дегенді білдіреді. Испания, АҚШ пен Германия  маймыл шешегі ауруына қарсы вакцина сатып алуға ниетті. Әзірге вирусқа қарсы мақұлданған арнайы екпе жоқ. Қазір америкалық Модерна компаниясы ұсынған нұсқасын клиникалық зерттеуден өткізе бастады.