Қытай 70 млрд түп ағаш егеді

Қытай алдағы 10 жылда 70 миллиард түп ағаш екпек. Сөйтіп, тынысты тарылтқан газдан арылудың жолын таппақ. 2060 жылға қарай көміртегінен басыбайлы ада боламыз ба деген де жоспар бар. Қазір Қытайда экологтарға деген сұраныс өскен.

Бірер жыл бұрын Қытай басшысы Си Цзиньпин 2060 жылға қарай көміртегінен арыламыз деп уәде берген еді. Бұл жұмыс бүгінде 3 бағыт бойынша жүріп жатыр. Олар бiрыңғай саясат құру, энергетикалық трансформация және орманды алқаптарды ұлғайту. Ол үшін алдағы 10 жылда 70 миллиард ағаш егу көзделген.

Ся Чаоцзун, ҚХР Орман шаруашылығы және жайылымдар мемлекеттік басқармасының геодезия және жоспарлау институтының қызметкері:

- Статистикаға сәйкес, соңғы он жылда Қытайдағы орманды алқаптардың аумағы гектарына 95 текше метрге жетті. Алдыңғы онжылдықпен салыстырғанда бұл бір текше метрге көп. Ағаш егу есебінен елде көміртекті сіңіру әлеуеті де артты.

Десе де, ауқымды мәселені бір ғана жасыл желек санымен шешу қиын. Себебі Қытай өнеркәсіп бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің бірі. Зиянды заттардың ауаға таралуын азайту үшін былтыр ел үкіметі квота мен эмиссиялық сауда механизмін іске қосты. Оған сәйкес, кәсіпорындар зиянды заттар қалдықтарына берілген квотаны аз пайдаланып, артығын өзгеге сата алады. Әр компанияның ауаны ластамаудың өзіндік жоспары болуға тиіс. Ол үшін маман тарту қажет. Бірақ оларға деген сұраныс қазір өте жоғары. Болжам бойынша алдағы жылдары Қытайдың еңбек нарығына көміртегінен арылу бағыты бойынша миллиондаған маман қажет болады.

Цзин Цзин, инженер:

- Қазір мұндай мамандарға сұраныс көп. Арнайы агенттіктерге жүгінген едік, бірақ олардың кеңесін кем дегенде бірнеше ай күту керек. Көміртек шығарындыларын азайту мәселелерімен әзірге электр энергиясын пайдалануға жауапты әріптестер айналысып жатыр. Болашақта компаниямыз мамандандырылған қызметкерлерді тартуды жоспарлап отыр. 

Климаттың өзгеруімен күрес қоғамның қатысуынсыз іске аспайды. Ресми дерек бойынша ауаға тараған көміртегінің 30 проценті халықтың үлесінде. Осыған байланысты билік өкілдері тұрғындарға арнайы нұсқаулықтар әзірлеген. Ел азаматтарына киім-кешекті қайта өңдеу, бір реттік ыдыс-аяқтан бас тартуға, суды үнемдеп, электрэнергиясын азырақ қолдануға кеңес беріліп жатыр. Бұдан бөлек тұрғындарды жаппай электркөліктерге отырғызу көзделген. Тек өткен жылдың өзінде Қытайда осындай 3,5 миллион көлік сатылған. 

Ботагоз Сыргабаева