Азия мен Еуропада көлік саудасы азайды

Азия мен Еуропада көлік саудасы азайды

Мамыр айы Ресейдің автокөлік саласы үшін ең ауыр мезгіл болды. Осыдан екі жыл бұрын ғана көрші ел темір тұлпар саудасында әлем бойынша 12-орында тұрған еді.

Қазіргі жағдай өзгерген. Әрине бұл Украинадағы соғыстың салдары. Азия мен Еуропа елдерінде де сауда-саттық азайған.

"Бұған пандемия кезіндегі логистикалық қиындықтар себеп болды" дейді сарапшылар.

Өткен айда Ресейде жаңа көліктердің саудасы 83,5 пайызға төмендеді. Сарапшылар бұған бағаның қымбаттауы себеп дейді. Оның үстіне Украинадағы шиеленіс салдарынан кейбір бөлшектер жеткізілмей қалды. Ендігі сатылатын қолда бар жаңа көліктер ары кетсе қыркүйекке дейін ғана жетеді. Сарапшылар бұл басы ғана дегенді айтады. Жыл соңына таман Ресейде автодилер саны екі есе қысқаруы мүмкін. Қазір 3200-ден аса компания болса, биыл қыста соның тек бір жарым мыңдайы ғана қалса таң қалуға болмайды. 

Өйткені Украинадағы қарулы қақтығысқа байланысты бірнеше автоконцерн елден кетті. Санкциялар салдарынан өндіріс тоқтады. Қосалқы бөлшектер де тапшы.

Жапонияда көлік өндірісі жиі тоқтайтын болды

Жапонияңызда да көлік саудасы 18 пайызға төмендеген. Оған коронавирус салдарынан жеткізу қызметінің баяулағаны және жартылай өткізгіштердің тапшылығы себеп. Таяуда әйгілі Тойота жергілікті зауыттардағы өндірісін уақытша тоқтатқан. Өйткені Шанхайдағы локдаун кесірінен бөлшектер жетіспеді.

Сарапшылардың айтуынша «Тойота» енді жоспардан ауытқып, 100 мың көлікті аз жасауға мәжбүр.

Еуропада жаңа көліктердің сатылымы төмендеп барады

Жеткізу қызметінің дағадрыста қалуы Еуропаның автокөлік саласына да әсер етті. Мұнда жаңа көліктердің сатылымы төмендеп барады. Бұл әсіресе Франция, Италия, Испания мен Германияда қатты байқалады. Логистикалық қиындықтардан бөлек Кәрі Құрлықты қазір инфляция қысып тұр. Сол себепті тұғындар жаңа темір тұлпар алу жоспарын кейінге қалдыруды жөн санайды.

Жұлдыз Атагельдиева