Украинада жанармай бағасы екі есе қымбаттады

Қазір елде жанармай тапшы. Салдарынан бағалар шарықтап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аида Қыдырбай, тілші:

– Қарулы қақтығыс басталмай тұрып мұнда отынның бір литрі бір еуроға де жетпейтін. Ал қазір оның құны екі еуродан асып кетті. Бұл шамамен бір мың теңге. Жүргізушілер жанармай құю бекетінде бірнеше шақырымдық кезекте тұруға мәжбүр. Оның өзінде де тәулігіне бір адамға 10 литрі ғана сатылады. Және басымдық қолында мынадай талоны не картасы бар адамдарға беріледі.

Александр, жергілікті тұрғын:

– Жанармай бағасы шарықтап тұр. Бұрын бір литрі 30 гривень еді. Қазір елуге дейін жетеді.»

Шиеленіс басталғалы елдегі жанармай құю бекеттерінің саны 7500-ден 2500-ға дейін азайған. Сонда қазір шамамен 70 проценті жұмысын тоқтатқан. Оған, әрине, қарулы қақтығыс пен отын тапшылығы себеп. Ресей әскері Кременчуг және Шебелинск мұнай өндіру зауыттарын атқылағаннан кейін олар қазір істемей тұр. Сұйытылған газдың 30 проценті Қазақстаннан импортталатын. Алайда қазір ол да жеткізілмей тұр. Өйткені Қазақстаннан келетін көгілдір отын Харьков арқылы өтетін темір жолмен тасымалданатын. Ал қазір бұл өңірде қақтығыстар өршіп тұр.

Александр Сиренко, Украина мұнай-газ нарығының тәуелсіз сарапшысы:

– Соғысқа дейін Украина отын нарығының 70 проценті Ресей мен Беларусь өніміне тәуелді болған. Бүгінде заң жүзінде Үкімет екі елден оны сатып алуға толығымен тыйым салды. Ал логистикалық қиындықтар салдарынан Қазақстанның мұнай өнімдерін жеткізу мүмкін болмай тұр.

Қазір мұнай өнімдерінің теңіз арқылы тасымалы тоқтап тұр. Темір жолмен жеткізу жағы да қиындау. Дегенмен Украина өнімді Польша, Словакия, Венгрия, Германия, Бельгия, Нидерланд және Молдовадан көлік арқылы не темір жолмен тасымалдап жатыр. Қиындықтар туындамас үшін бұл Еуропа елдері мен Украина арасында арнайы «жасыл дәліз» ашылған.

Александр Сиренко, Украина мұнай-газ нарығының тәуелсіз сарапшысы:

– Елдегі мұнай базалары үнемі зымыранмен атқыланады. Әрине бұл отын дағдарысын ушықтырып жіберді. 3 ай бойы Украинада жергілікті өндіріс тоқтап тұр. Қара теңіз арқылы тасымалдау мүмкін емес. Сол себепті бағалар шарықтап кетті. Үкімет оны қадағалай алмайды. Дегенмен қазір трейдерлер Еуропадан мұнай тасымалын реттеу жағын қолға алды.

Қыстың қамын жаз ойла демекші, жуырда Владимир Зеленский биыл Украина үшін ең ауыр қыс болатынын ескертті. Бұл ретте президент үкімет және жергілікті билікке тарифтерді көтермеуді тапсырды. Алайда сарапшылар бағаны бақылауда ұстап тұру екіталай деп көңіл көншітпей отыр.

Авторы: Аида Қыдырбай