Сарапшылар: Геосаяси ахуал аштыққа ұласуы мүмкін

Украинада қарулы қақтығыстың басталғанына 3 жарым айдан асып кетті. Осы уақыт ішінде Ресей әскері 31 мыңнан аса жауынгерінен айырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тиісті мәліметті Владимир Зеленский келтіріп отыр. Алайда Кремль бұл ақпаратқа қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Негізі Ресейдің қорғаныс министрлігі адам шығыны бойынша мәліметті соңғы рет 25 наурызда жария еткен. Ол кезде 1300-ден аса жауынгердің көз жұмғаны хабарланған. Содан кейін бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдемелер жасалған жоқ.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Украинада 31 мыңнан аса Ресей жауынгері қаза тапты. 24 ақпаннан бері Мәскеу бұл соғыста күн сайын шамамен 300 сарбазынан айырылып отыр. Күндердің күнінде бұл сан тіпті Ресейдің өзі үшін шекті межеден асып кетері анық.

Киев өз әскеріндегі шығындар туралы да мәлімдеме жасады. Украинаның қорғаныс министрінің хабарлауынша, қарулы қақтығыс басталғалы ел әскері 10 мыңға жуық жауынгерінен айырылған. Кремль бұған қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда Ресей өкілдері Украина тарабының келіссөздер жүргізуден бас тартып отырғанын жеткізді.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

Біз Украинадағы әріптестеріміздің ұсыныстарын есепке ала отырып, адал жұмыс істеуге дайын болдық. Алайда Киев бізбен келіссөздер жүргізгісі келмейді. Біздің ойымызша бұны Батыс елдерінің қалауы бойынша жасалып отыр.

Осы аптада Сергей Лавров Анкараға сапары барысында Түркияның сыртқы істер министрімен кездесіп, Киевпен келіссөздерді қайта жандандыру мәселесін талқылады. Десе де басқосудағы әңгіме негізінен украиналық астық төңірегінде өрбіді. Киевтің мәлімдеуінше, жергілікті кемежайларда 20 миллион тоннадан аса астық жиналып қалған. Украина өкілдері оны өзге елдерге экспорттауға Ресей әскері кедергі етіп отырғанын айтады. 

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Ресей әскері кесірінен біз азық-түлік өнімдерімізді экспорттай алмасақ, әлемде күрделі дағдарыс өршіп, Азия мен Африканың көп елін ашаршылық жайлауы мүмкін. Ал азық-түлік тапшылығы міндетті түрде саяси дағдарысқа ұласады.

Ресей жағы Украина кемежайларындағы өнімнің үлесі дүние жүзіндегі астық өндірісінің бір процентіне де жетпейтінін айтады. Яғни қазіргі жағдайдың азық-түлік дағдарысына еш қатысы жоқ дейді. Десе де Мәскеу Украинадағы астықтың экспортына кедергі етпейміз дейді. Алайда ол үшін Киев өз әскеріне кемежайлар төңірегін минадан тазарту туралы бұйрық беруі тиіс дегенді алға тартады. Сондай-ақ Батыс елдерінен Ресейге қарсы санкцияларды алып тастауын талап етеді. Тіпті қажет болса, Ыстамбұлда Түркия, Украина, Ресей мен БҰҰ өкілдерінің қатысуымен астықты экспорттау бойынша төртжақты келіссөздер жүргузіге дайынбыз дейді.  

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

– Тағы да қайталап айтамын Ресей тарабы бұл мәселені шешуге қарсы емес. Киев минадан тазарту жұмыстарын жүргізуге дайын болса, біз осы бағытта бірге жұмыс істейміз.

Алайда Украина жағы бұл ұсынысқа сенбейтінін жеткізді. Миналарды залаласыздандырғаннан кейін Ресей әскері бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланып, шабуыл жасамайтынына кім кепіл дегенді алға тартады. Сол себепті Киев қауіпсіз дәліз құру мәселесін көтеріп отыр. Сондай-ақ Ресейді БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымынан шығарып тастауға шақырады. Ресми статистикаға сәйкес, Украина жүгері өндіру бойынша әлемде ең алғашқы бестікке, ал бидай өндіру бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Жергілікті өнім Азия, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріне экспортталып отырған. Енді сарапшылар бұл мемлекеттерде бидай тапшылығы туындауы мүмкін екенін ескертеді. Ал бұл өз кезегінде тойып тамақ ішпейтіндер қатарының артуына әкеп соқтыруы мүмкін. БҰҰ-ның мәліметіне сәйкес, қазір әлемде 276 миллион адамға аштық қаупі төніп тұр. Енді жыл соңына дейін олардың қатарына тағы 47 миллион адамның қосылуы әбден мүмкін. Сондықтан мамандар Украинадағы астықтың экспортына қатысты мәселенің жақын арада шешілуіне үлкен үміт артып отыр.

Жұлдыз Атагельдиева Әлем бағдарламасы үшін.