Зеленский: Ресейдің Украинадағы шығыны артуы мүмкін

Украинада Ресейдің қаза тапқан жауынгерлерінің саны осы айда 40 мыңға жетуі мүмкін.

Президент Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді. Себебі Мәскеу жуырда Донбассқа "дайындығы төмен" резервтегі күштерін жұмылдыруды жоспарлап жатыр. Бірақ Ресей тарапы Украинада қаза тапқан сарбаздарының санын азайтып көрсетіп отыр. Ал Украина майдан даласында 10 мың жауынгерін қалдырған. Бұл кеңсе басшысы Алексей Арестовичтің берген ақпараты.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Ресей Донбассқа резервтегі күштерін төкпекші. Оларда қазір қандай резерв болуы мүмкін? Яғни ұрысқа жасырын мобилизация арқылы жиналған дайындығы нашар жауынгерлерді аттандырмақ. Бұл Ресей генералдарының сарбаздардың өміріне еш мән бермей, адам саны мен техника тұрғысынан басымдыққа ие болу үшін әрекет етіп отырғанын көрсетеді. Мұның соңы үлкен шығынға әкеледі.  

Донбасстағы ахуал

Қазір Донбасстағы Северодонецк, Бахмут, Славянск және тағы басқа мекендерде кескілескен шайқас жүріп жатыр. Северодонецк қаласының үштен бір бөлігі Украина күштерінің бақылауында. Бірақ "Азот" зауытында 500-ге жуық бейбіт тұрғын қалып қойған. Луганск облысының басшысы олардың қаладан тек жалғыз көпір арқылы шығуына мүмкіндігі барын айтады. Бұған дейін Ресей күштері өндіріс орынын атқылап, аммиакты өңдейтін цех жарылды.