Чилидегі Пенуэлас көлі шөл далаға айналып барады

Чилидегі Пенуэлас көлі шөл далаға айналып барады

Оған климаттың өзгеруі себеп. 20 жыл бұрын көлдегі сумен 38 мың бассейнді толтыруға болатын. Ал қазір әрі кетсе, екі бассейнге жетер-жетпес су қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрғап қалған көл түбінен балық пен жануарлардың сүйектері көптеп табылып жатыр.

Алекс Годой, зерттеу орталығының директоры:

– 20-30 жыл бұрын сарапшылар Чилиде осындай жағдай болатынын болжаған еді. Олар жауын-шашын азайып, алапат қуашылық жайлатынын ескерткен. Енді қазір мамандардың айтқаны айдан анық келіп отыр.

Айта кеткен жөн, Чилиде кейінгі 13 жылда болмаған алапат қуаңшылық жайлады. Ғалымдардың болжамы көңіл көншітпейді. Олар алдағы 30 жыл ішінде судың мөлшері қазіргіден 3 есе аз болатынын айтады. Жаһандық жылыну салдарынан жергілікті өзен-көлдерді сумен қамтамасыз етіп отырған Анд тауларындағы қар тез еріп, буға айналып кетіп жатыр. Жағдайдың ушығуына байланысты ел астанасы Сантьягода тіршілік нәрін қатаң үнемдеу шаралары енгізілген. Жауын-шашынның күрт азаюы салдарынан елдегі ең ірі кен орындарында мыс өндіру жұмыстары тоқтатылды.