Мысырдағы украиналық туристер еліне қайта алмай отыр

Tourdom.ru

Қызыл теңізге 10 күнге барған украиналықтар бірнеше айдан бері еліне қайта алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар бір-ақ түнде еріксіз босқынға айналған. Қазір Мысырда 20 мың украиналық турист бар. Жолын тапқандар көрші елдерге кеткен. Ондаған отбасы жат жерде әрең күнелтіп жүр, кейбірі қашықтан жұмыс істеп әлек. Әйтеуір Мысыр билігі олардың виза мерзімін ұзартып, арнайы қонақ үй берген.

Каталония жағажайлары адамға лық толы. Жаз басталғалы туристер қаптап келіп жатыр. Алайда қызмет көрсететін жұмыс күші тапшы. Әсіресе тамақтану орындары мен қонақ үйлерге қиын. Турист нөпірін бизнесмендердің өзі күтпеген сыңайлы. Саяхат саласына қатысты жұмыс орындарының 43 пайызы әлі бос тұр.

Иоланда Пальма, жұмыспен қамту агенттігінің менеджері:

- Қонақ үй немесе мейрамхана саласында істеу қазір оңай емес. Бос уақытың мүлде болмайды, яғни аз демаласың. Адамдарға осы жағы ұнамайтын шығар. Әйтеуір қызметкер табу үлкен мәселеге айналды.

 

АЗАМАТТАРҒА ВИЗА БЕРМЕЙ ЖАТЫР

Кубалықтар шетелге шығу үшін виза ала алмай жатыр. Гаванадағы Колумбия, Мексика мен Панама елшіліктеріне ұзын-сонар кезек. Тұрғындар тиісті сайттардың баяу жұмыс істеп тұрғанын айтып, шағымданады. Ал консулдық өтінімнің өте көп екенін алға тартады.

Ал сарапшылар кубалықтар аталған елдер арқылы АҚШ-қа заңсыз жолмен барғысы келеді деп пайымдайды.

Майкл Бустаманте, сарапшы:

- Кубаға қатысты кейінгі 10 жылда көші-қон мәселесі қатты шығып кеткені жасырын емес. Былтыр 100 мыңнан астам кубалық АҚШ-қа өткен. Басты себеп - экономикалық дағдарыс.

 

ФИНЛЯНДИЯ ШЕКТЕУЛЕРДІ АЛАДЫ

Финляндия 30 маусымнан бастап шетелдік үшін барлық ковид шектеурлерін алады. Енді туристерге вакциналау куәлігін көрсетудің немесе ПТР-тестіні тапсырудың қажеті жоқ. Тек төлқұжат пен виза болса болғаны.