Туризм: Еуропадағы қызмет көрсету саласында маман тапшы

Туризм: Еуропадағы қызмет көрсету саласында маман тапшы

Әлемде туризм жандана бастады. Карантин шектеулері жеңілдей салысымен саяхатқа шыққандар қарасы қалың. Алайда қомақты табыс әкелетін қызмет көрсету саласында қордаланған мәселе баршылық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір маман тапшылығы мен қымбатшылық қыспаққа алды. Туризмге әуе рейстерінің кейінге шегерілуі де кері әсер етті. Себебі жалақыға көңілі толмаған ұшқыштар наразылыққа шықты. Еуропада туризм қайта жанданды. Биыл кәрі құрлық елдеріне ағылған меймандар санында шек жоқ. Көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңнен де асып кетті. Туризмге қан жүгірсе де қызмет көрсету саласында бірқатар қиындықтар туындап тұр. Әсіресе қонақүй мен мейрамханаларда жағдай көңіл көншітпейді. Италиядағы демалу орындарының 83 процентінде маман тапшы. Ал Испанияда 200 мың жұмыс орны бос тұр. Германия кадр тапшылығын шешу үшін иммиграция саясатына жеңілдіктер енгізуді жоспарлап отыр.

Маривени Родригес, кәсіпкер:

Даяшы жетіспейді. Қызметкерлер жалақы мен жұмыс уақытының ұзақтығына көңілі толмайды. Сондықтан осындай проблема туындап тұр. Тұрақты қызметкерлеріміз жоқ. Ал жұмыс істейтін жастардың көбі оқиды. Сондықтан тек демалыс күндері ғана жұмысқа шыға алады. Тәжірибелі даяшылар біз ұсынған еңбекақыға келіспейді.

Феликс Теллес, даяшы:

Дұрыс табыс таппаған соң бізге де қиын. Соңғы бірнеше жылда жұмыс барысы да бірнеше рет өзгерді. Табанақы ақталмайды. Басты мәселе осы.