Эйфель мұнарасы қирап қалғалы тұр

Париждің басты нышаны саналатын Эйфель мұнарасы қираудың аз алдында тұр.

Тексеру жүргізген жергілікті «Марианна» басылымының тілшілері осылай дейді.

Айтуларынша, оған мұнара металының бүлінуі себеп. Тарихы 130 жылдан асатын нысанда қазір осымен 20-рет бояу жұмыстары жүріп жатыр. Өйткені 2 жылдан кейін қалада жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Бірақ бұл жолғы бояу жұмыстары ұзаққа созылып кеткен. Олардың жалғасып жатқанына 3 жыл болды. Өйткені металдың бетінен қорғасын табылып, залалсыздандыру шараларын жүргізуге тура келді. Соның салдарынан қалпына келтіру жұмыстарының құны рекордтық 84 миллион долларға жеткен. Онсыз да пандемия кесірінен мұнараға қызмет көрсетуге қажетті қаржы тапшылығы туындаған еді. Өйткені шетелдік туристер азайған. Алайда шектеу шаралары алынып тастағалы Париждің басты нышаны бұрынғыдай күніне 20 мың саяхатшыны қабылдап жатыр.   

БЛИЦ:

- Туристердің көбі Парижге Эйфель мұнарасын көру үшін келеді. Сондықтан бұл нысан қирауы мүмкін деген ақпарат тек жергілікті тұрғындардың ғана емес, шетелдіктердің де көңіліне қаяу түсірері анық.

- Парижді Эйфель мұнарасынсыз елестету мүмкін емес. 

Алайда туристік нысан әкімшілігінің өкілдері "мұнара қирауға жақын қалды" деп тілшілердің асыра сілтеп отырғанын айтады. Басшылық металдың бүліну проблемасы барын жасырмайды. Алайда бұл мұнараның қосымша құрылымдарына қатысты екенін айтады.