Испанияда бір литр бензин 1200 теңге тұрады

Испанияда бір литр бензин 1200 теңге тұрады

Елдегі инфлияцияға отын бағасының өсуі әсер етеді. Қазір Испанияда бір литр бензин 2,5 евро немесе 1200 теңге тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баға күн сайын құбылады. Қаржы сарапшылары мұны Украинадағы қарулы қақтығыспен байланыстырып отыр. Жанар жағармай мен қуат бағасының өсімі  елдегі азық-түліктің 15-20 процентке дейін қымбаттауына әкелді. Жаппай қымбатшылық белең алғаннан кейін, испандықтардың жиырма пайызы биылғы демалыс сапарынан бас тартқан. Мұндай мәліметті әлеуметтік сауалнама жүргізген «Appinio» нарықтық зерттеу платформасы жариялады.

Андреу, туристік агенттіктің басшысы:

- Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан тұрғындардың алпыс проценттен астамы мейрамхана және шопинг сияқты басқа да шығындарды қысқартуға тура келгенін айтқан. Сондай-ақ тұрғындардың 80 проценті демалыстарын әдеттегідей шетелде емес, Испанияда өткіземіз деген жоспарларын жеткізген. Сауалнама қатысқан испандықтардың жеті проценті ғана биыл сыртқа сапарлайтынын айтқан.

Испаниядағы инфляцияның көлемі маусым айында 10,2 процентке дейін көтерілді. Бұл туралы мемлекеттің статистикалық басқармасы мәлімдеді. Испаниядағы мұндай инфляция 37 жыл ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш екенін айтады мамандар. Жиырма екінші жылдың ақпанында ғана Испаниядағы инфляция 7,6 процент болған, наурызда бұл көрсеткіш 9,8 процентті құрады. Өсім әр ай сайын тіркеліп отырған.

Гиермо, кәсіпкер:

- Ақпанға дейін Украинадан тасымалданып келген арзан сұйық май енді жоқ, сондықтан бағаны жиырма-жиырма бес процентке өсіруге тура келді. Нан, сүт өнімдерінің де бағасы артты, өйткені логистика қымбаттады. Әрі Испаниядағы қуат көздеріне төленетін тариф артты, біз мұны да азық-түліктің бағасына үстеме ретінде қосуға мәжбүрміз.

 

Испания қорғаныс министрі Маргарита Роблес биыл қыстың да қиын болатынын айтады. «Біз бүгінде Берлин қабырғасы құлағаннан кейінгі дағдарысты бастан өткеріп жатырмыз, сондықтан қиын қыстың күтіп тұрғанын мәлімдеймін, біз бұған дайын болуымыз керек»,- деді жергілікті бақ құралдарына берген сұхбаты кезінде ведомство басшысы.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач