Әлем елдеріне экономикалық стратегияны белгілеу қиынға соғып жатыр

Энерготасымалдаушылар мен азық-түлік бағасының өсуінен әлем елдеріне экономикалық стратегияны белгілеу қиынға соғып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуроодақтағы жетекші елдің бірі Италияда кәсіпкерлер ел экономикасына алаңдаулы. Аппени түбегінде инфляция өткен айда 8 проценттен асты. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 1985 жылы мұнай дағдарысынан кейін тіркелген.

Франческо Марчано, саяхатшы:

- Экономиканың құлдырап, барлық салада бағалар тоқтаусыз өсіп жатыр. Римдегі мейрамханаларда жағдай баяғыдай емес, адам өте аз.

Канадада да бағалардың шарықтауы халықтың әл-ауқатына кері әсер еткен. Зерттеуге қарағанда былтыр елде азық-түлік бағасы 10 процентке көтерілген. Мысалы пандемияға дейін Торонтодағы азық-түлік қоры күн сайын 60 мың адамға тегін тамақ таратып келсе, өткен айда олардың қарасы 170 мыңға жеткен.

Атиф Кубурси, экономист:

- Инфляция әсіресе зейнеткерлерге ауыр тиіп отыр. Себебі бағалар өскенмен олардың табысы бір орында тұр.

Ғаламдық геосасяи ахуал Австралия шаруаларына да оңай соқпай тұр. Дағдарыстан жасыл құрлықтың солтүстік-шығысындағы сүт өндірісіне қауіп күшейген. Жанармай мен тыңайтқыштардың қымбаттауынан шаруалар шығынға батты.

Джон Кокрейн, аукционшы:

- Қазір аймақта шаруалардың саны азайып, өндірілетін сүт көлемі төмендеді. Оған ең алдымен жанармай мен тыңайтқыштар бағасының қымбаттауы себеп. Бұлай жалғаса берсе жағдай тіптен нашарлауы  мүмкін.

Энергетикалық дағдарыстан еуропалық энергокомпаниялар көп зардап шегіп отыр. Блумберг агенттігінің хабарлауынша, бұл бірлестіктердің қарызы биыл 2020 жылмен салыстырғанда 50 пайызға артып, 1 триллион 700 миллиард еуроға жеткен. Ал Халықаралық валюта қоры егер әлем елдеріндегі қаржы-несие саясатын қатаңдату инфляцияны ауыздықтай алмаса ғаламдық экономика одан бетер нашарлайтынын айтады.

Автор: Дәурен Ақашұлы