Франция билігі халықты электр энергиясын үнемдеуге шақырды

Франция билігі халықты электр энергиясын үнемдеуге шақырды

Бір ай бұрын мемлекет Ресей газын сатып алудан бас тартып, көгілдір отынды Норвегия мен Алжирден жеткізе бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар 70 жылдары болған энергетикалық дағдарыс қайталануы мүмкін дейді. Елде электр энергиямен қамтамасыз етуде іркіліс болады деген болжам айтылып жатыр. Еуропалық елдер арасында энергетика жағынан Францияда жағдай ең қолайлы саналады. Электр қуатының 70%-ін мұнда атом станциялары, 15 процентін жаңғыртылатын энергия көздерінен өндіреді. Тек 15 проценті ғана газға тәуелді. Сондықтан француздарға жарықсыз қалу қауіпі төніп тұрған жоқ. Дегенмен қысқа дайындалып, газ қоймаларын толтыру қажет. Францияның үлкен энергокомпаниялары отандастарын энергияны үнемдеуге шақырды. Алайда бұл шаралар тек ірі тұтынушыларға қатысты қабылданды. Енді супермаркеттер жұмысын аяқтағаннан кейін бірден жарықты өшіруге және сауда залдарының жарықтандыруын азайтуы керек. Үлкен кеңселер де ғимараттарының жылыту мен суыту ережелерін өзгертті.

Катрин Макгрегор, «Engie» компаниясының бас директоры:

– Кәсіпкер ретінде өз жылжымайтын мүлігімізде энерготиімділік үлгісін көрсетуіміз керек. Кондиционерлердің қосылу мерзімін бір градусқа көтердік. Енді 26 градуста суыта бастайды. Әрбір қадамның өз маңызы бар.

Патрик Пуянне, «Total Energies» компаниясының президенті:

– Климат жөнінде әңгіме қозғағанда, ең жақсысы біз тұтынбаған энергия болмақ. Бәріміз қарапайым тұтынушылармен қатар кәсіпорындар да үнемдеуі керек. Жас кезімнен маңызы зор сондай қимылдар есімде қалған. Мәселен, сағат кешкі онда бүкіл кеңседе жарық автоматты түрде өшеді.

Қарапайым тұрғындарды энергия үнемдеуге әзірше тек үндеп отыр. Кірді түнде, аз температурамен айналымда жууға кеңес берілді. Тамақты да ыдыстың қақпағын жауып дайындаған жөн. Кондиционер мен жылытқыштарды сирек қосу керек.

Марк Бенаюн «EDF» компаниялар тобының атқарушы директоры:

– 1978 жылдан бері Францияда жарықтың өшуі, яғни блэкауттар болып көрмеген. Қазір қиын жағдайда болғанымен, биыл қыста да мұндай жағдай болатын түрі жоқ. Егер газ қоймалары қалыпты деңгейде болса, жүйенің ажырауы үшін бірнеше күн қатарынан температура минус төрттен төмен болуы керек. Былтыр қыста ондай жағдай бір рет болды. Сондықтан электр энергиясы жетпейді деген әңгімелерге сенбеймін.

Егер қарапайым тұтынушы энергия тапшылығын байқамаса, қуатты көп қажет ететін кәсіпорындар қиналатын түрі бар. Әзірше оларға энергия тұтынуды азайтуға нұсқау берілді. Алайда қазірдің өзінде билік бұл мәселені шешудің өзге жолдарын қарастыра бастады. Тіпті өндірісті Франциядан тыс жерге ауыстыруы мүмкін.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан