Британияны қайтадан әйел премьер-министр басқаруы мүмкін

Ұлыбританияның келесі премьер-министріне консерваторлар партиясынан түсетін екі үміткер айқындалды.

Ол елдің қазіргі сыртқы істер министрі Лиз Трасс немесе бұрынғы қаржы министрі Риши Сунак болуы мүмкін. Қос үміткерді консерваторлар партиясының депутаттары сайлады. Енді олар Тори партиясы мүшелерінің басым дауысына ие болу үшін саяси таласқа түспек. 

Еске сала кетейік, бұған дейін консерваторлар 9 үміткерді ұсынған еді. Дауыс берудің бес кезеңінің нәтижесінде Лиз Трас 113, ал Риши Сунак 137 дауысқа ие болды.

Лиз Трасс, Ұлыбританияның сыртқы істер министрі:

- Маңыздысы, ақтық бәсекеге дейін жеттік. Келесі сайлауға дейін 2 жылдай уақыт бар. Мен халыққа қызмет еткім келеді. Салықтың мөлшерін қысқартқым келеді. Қиналған отбасыларға көмектескім келеді. Ұлыбританиядағы талантты жандардың жолын ашсам деймін. Осыған сүйене отырып, алдағы алты аптада саяси кампаниямды іске асырмақпын.

Риши Сунак, Ұлыбританияның бұрынғы қаржы министрі:

- Мұндағы басты сауал мынау – келесі сайлауда лейбористер партиясының Кейр Стармерін кім басып оза алады? Бұны істей алатын жалғыз ғана кандидат мен екеніме сенімдімін. Мен ұстанатын қағидалар көпшіліктің қолдауына ие және оларды мемлекеттік деңгейде іске асыратындай тәжірибем жетеді. Ұлыбритания өмір сүруге, жұмыс істеуге, отбасын асырауға арналған ең керемет мемлекет болуы үшін барымды салатыным анық.