Украинада құны 10 млрд доллар тұратын астық қоры бар

Бұл туралы президент Владимир Зеленский мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол ең алдымен былтыр жиналған өнім экспортталатынын жеткізді. Өйткені бір айдан кейін жаңасын сақтайтын орын жетіспеуі мүмкін.

Айта кеткен жөн, кеше Украина мен Ресей делегациялары Қара теңіз кемежайлары арқылы астықты тасымалдау туралы келісімге қол қойды. Ыстамбұлда өткен кездесуге Түркия президенті мен БҰҰ-ның Бас хатшысы да қатысқан.

Бұған дейін Киев пен Мәскеу Украина порттарында жиналып қалған 20 млн тонна астықты әлем елдеріне экспорттау бойынша келісе алмаған еді. Кремль оны кедергісіз тасымалдау үшін судағы миналарды алып тастауды талап еткен. Алайда Украина жағы Ресей әскері бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланып, шабуыл жасамайтынына кім кепіл дегенді алға тартып келді. Сарапшылар геосаяси ахуал салдарынан әлемде азық-түлік тапшылығы туындауы мүмкін екенін ескерткен.

Енді олар Ыстамбұлдағы келісім бағалардың тұрақтануына көмектесетінін айтады. 

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

- Былтырғы 20 млн тонна өнім экспортқа жіберіледі. Биылғы өнім жиналып жатыр. Оны да сата аламыз. Бұдан түсетін ақша – аграрлық сектордың табысы және мемлекеттік бюджеттің кірісі. Бұл жұмыс орындары.