Израиль әскері Палестинаның 3 азаматын оққа ұшырды

Израиль әскері Палестинаның 3 азаматын оққа ұшырды

Иордан өзенінің батысындағы Наблус қаласында қарулы қақтығыс болып, Израиль әскері Палестинаның үш азаматын атып өлтірді. 40-қа жуық адам жараланды.

Қақтығысқа Израиль әскерінің Ибраһим әл Набулси есімді азаматтың үйін қоршауға алуы түрткі болған. Бұған қарсыласқан палестиналықтар әскерге тас пен жарылғыш заттарды лақтырған.

Израиль полициясының мәліметі бойынша Ибраһим әл Набулси жыл басында Батыс жағалауда бірнеше шабуыл ұйымдастырған. Жалпы палестиналық содырларды, оның ішінде «Ислам джиһады қозғалысы» белсенділерінің көзін жою үшін Израиль әскері Батыс жағалауда бірнеше рейд ұйымдастырған. Мұның соңы Газа секторында үш күнге созылған кикілжіңге әкеп соқты. Египет барлаушылары араға түсіп, атысты тоқтату туралы бітімгерлікке үндеп, содан кейін Израиль мен Палестина оқ атпау туралы келісімге келген еді.