АҚШ пен Корея әскери жаттығу өткізді

АҚШ пен Корея әскери жаттығу өткізді

Оңтүстік Кореяда жергілікті сарбаздар мен АҚШ жауынгерлерінің ортақ әскери оқу-жаттығулары басталды. Олар 1-ші қыркүйекке дейін жалғасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара барысында Солтүстік Корея тарабынан жасалуы мүмкін шабуылдарға тойтарыс беру жағы пысықталады. Өйткені кейінгі уақытта көрші мемлекет зымырандарын ұшыруды үдетіп, қауіп-қатер арта түскен. Ал соңғы жылдары ортақ әскери оқу-жаттығулар бұрынғыдай ауқымды түрде өткізілмей келді. Оған бір жағынан коронавирус, екінші жағынан бұрынғы президенттің Солтүстік Кореямен арадағы қарым-қатынасын жақсартуға тырысуы да себеп болған. Өйткені Пхеньян бұл шараны ел аумағына басып кіруге дайындыққа балаған еді. Енді аталмыш жаттығулар да көрші ел тарабынан қатаң сынға ұшырауы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан Сеул мен Вашингтон қырағылық танытатындарын жеткізді. 

Филиппинде коронавирусқа байланысты екі жылдық үзілістен кейін көптеген мектеп қайта ашылды. 27 миллионнан астам бетперде таққан оқушы ұзақ уақыттан кейін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жергілікті  билік, онлайн оқу  жүйесі оқушылардың білімін әбден нашарлатып жіберді деп отыр. Миллиондаған балаға енді сыныптар жетпей жатыр. Оның  үстіне, елде болған жер сілкінісінен қирап қалған кей білім ордаларын қайта қалыпқа келтіруге уақыт керек. Әзірге елдегі мектептердің  46 пайызы ғана іске қосылды. Қалғандарында күндізгі сабақтар қараша айына дейін әлі онлайн өтеді деп жоспарланған.