Түркияда инфляция 79,6% дейін көтерілді

Түркияда инфляция 79,6% дейін көтерілді

Бұл соңғы 20 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Статистика институтының мәліметі осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қымбатшылық жайлаған елде онымен күрес те қарқынды. Әлем елдерін шарпыған инфляция Түркияны да алқымнан қысып тұр. Тіпті ай сайын жаңа рекордтық көрсеткіштер орнауда. Соңғы бір жылда азық-түлік бағасы екі есе, жанармай құны 4 есе өскен. Түркияның белгілі экономисінің пікірінше, инфляцияның бұл екпіні алдағы айларда бәсеңдеп, жағдай аздап тұрақталады.

Левент Айдын, экономика ғылымдарының профессоры:

– Түркияда соңғы кезеңде, әсіресе, 2022 жылының басынан бері тұтыну бағаларының индексі 80%-ке жақындады. Мұның әсері алдағы желтоқсанда белгілі болады. Еліміздегі барлық тауарлардың құны, жанармай мен мұнай парқына тікелей байланысты. Еліміздегі инфляцияны шығындар инфляциясы деп айтсақ артық айтпаймыз. Мұнайдың бағасы 100 доллардан төмендеп, Украинадан астық экспорттала бастады бұл да алдағы уақытта әсерін тигізуі тиіс. Жаңа жылдан кейін президент айтқандай ақпан-наурызда бағалардың 50% түсуін болжап отырмыз.

Түрік билігі инфляцияға қарсы күрестің және лира құнын қалпына келтіру мақсатында бірқатар шараларды қолға алды. Заңсыз алып-сатарлардың ісін қайта қарап, ауыл шаруашылық өнімдерін шаруалардан тікелей тұтынушыға саудалайтын кооперативтік дүкендердің санын арттыруға бел буып отыр. Президент Ердоғанның өзі халық пен бизнес өкілдеріне үн қатып, ұлттық валютаны қолдауға шақырды.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Біздің азаматтардан және бизнес өкілдерінен жалғыз өтінішім, өз еліне, демек өз ақшасына сенім артсын. Бұдан былай ешкімнің ақша құнын ойлап, шетел валютасы мен алтынға бет бұруына еш негіз жоқ. Жинақтарын әлі күнге дейін шетел валютасында және алтында сақтайтын азаматтарымызды сол жердегі табыстарына кепілдік беретін түрік лирасындағы депозиттерге қайтаруға шақырамын.

Жыл басынан бері инфляцияға қарсы халықтың әлеуетін арттыру мақсатында төменгі жалақы мөлшері алатындардың айлығы қаңтар және шілде айларында 30%-ке өсті. Кей ақпарат көздері күз маусымында тағы жалақының артатынын жазып отыр. Ал елдегі лираның құнсыздануы еуромен жалақы алатындар үшін тиімді болып тұр. Себебі олар үшін түрік базарлары арзан. Мәселен, елдің кәрі құрлықпен шекаралас Эдирне қаласына көршілес елдерден келіп, сауда-саттық жасаушылар көбейген.