Пәкістан сыртқы көмекке мұқтаж

Пәкістан сыртқы көмекке мұқтаж

Алапат тасқыннан зардап шеккен Пәкістан сыртқы көмекке мұқтаж. Елдің Сыртқы істер министрі Халықаралық валюта қоры сияқты ұйымдардан қаржылай қолдау сұрады.

Үлкен су жергілікті халықтың негізгі табыс көзі - егін алқабын шайып кеткен. Ел билігі жақын арада Біріккен Ұлттар Ұйымына ресми хат жолдамақ. Сондай-ақ осы аптада Халықаралық валюта қоры бұрыннан кезең-кезеңімен беріліп келе жатқан қаржылай көмектің жетінші және сегізінші траншын талқыға салады. Оң шешім қабылданса, Исламабадқа 1 миллиард 200 миллион доллар бөлінуге тиіс. Естеріңізге сала кетейік, тасқыннан мыңнан астам адам ажал құшып, 30 миллион тұрғын зардап шеккен.

Билавал Зардари, Пәкістанның сыртқы істер министрі:

- Табиғат апатының зардабы осынша көлемде болады деп ешқашан ойлаған емеспін. Ауыр салдарын сөзбен айтып жеткізе алмай отырмын. Пәкістан климат өзгерісінің құрбанына айналды. Ғаламдық жылынуға қарсы түк істей алмай отырмыз. Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкінен қаржылай көмек күтеміз.