Өзбекстанда бизнеске жеңілдіктер жасалады. Табыс салығы төмендейді

Айналымы 1 миллиард сомнан аспайтын шағын кәсіп иелері енді бюджетке тек 4 процент мөлшерінде төлем жасайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарақалпақстандағы бизнеске де билік қолдау көрсетуді көздеп отыр. Ондағы жер және мүлік салығы екі есе қысқарады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Бауырлас ел билігі бизнесті дамытуға ерекше ден қойып отыр. Халықтың басым бөлігін еңбекпен қамту кезек күттірмейтін мәселе. Осы ретте Өзбекстан Президенті таяуда кәсіпкерлік қауымдастықпен кездесіп, келер жылы елдің салық саласында ауқымды реформа жүзеге асатынын жеткізді.

Ең алдымен микро бизнес қолдауға ие болады. Айналымы жыл сайын 1 миллиард сом, яғни теңгеге шаққанда 45 миллионнан аспайтын болса, бюджетке тек 4 процентін аударады. Бұған дейін мөлшері тым жоғары болатын. Микро бизнестің салығы тіпті 25 процентке жететін.

Әзиз Өмірзақов, мемлекеттік салық комитеті басқармасының басшысы:

Микробизнес үшін айналым салығы 4-тен 25 процентке дейін барады. Мөлшері кәсіптің түріне байланысты. Мәселен, тамақтану саласындағылар жылдық табысының 8 пайызын бюджетке аударуға тиіс. Жаңа талап осының барлығын жеңілдетіп, айналымы 1 миллиард сомнан аспайтын субъектілерге біркелкі 4 проценттік салықты бекітті.

Өзбекстан үкіметі Қарақалпақстандағы бизнес субъектілерін де ерекше қолдауға кірісті. Нүкісте және оның төңірегінде кәсіп бастағандар табыс салығын екі есе аз төлейді. Бұрынғыдай 15 процент емес, 7 жарым пайыз деп бекітілді. Шалғайдағы кәсіпкерлер бұдан да жайлы жеңілдікке ие.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан республикасының президенті:

– Осының нәтижесінде бизнес иелерінде қосымша 70-80 миллиард сом айналым қаржысы қалады. Үкіметке мүлік және жер салығын да екі есе төмендетуді тапсырамын. Қарақалпақстан үшін отбасы кәсібін дамытуға бөлінген 950 млрд сомға тағы 200 миллиард қосуды міндеттеймін. Бұл іс биылдан қалмай жүзеге асырылуы қажет.

Билік салық саласында түбегейлі өзгеріс жасайтын кез келгеніне сенімді. Сарапшылардың пікірінше, бизнеске түсетін ауыртпалық тым жоғары. Сырттан импорттық өнім тасымалдауға кедергілер көп. Оны азайту үшін Президент қосымша құн салығын 12 процентке төмендетуді тапсырды. Бұл талап келер жылдан бастап орындалады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов