Грузияда жаңа оқу жылында жергілікті мектептерде украиналық бөлімдер ашылды

Грузияда оқу жылы 15 қыркүйекте басталды, – деп хабарлайды «Хабар 24».  

Биыл жергілікті мектептерге Украинадан келген оқушылар барды. Оқу бағдарламасында да өзгерістер бар. Жаңа енгізілген пәндерге шахмат пен әскери дайындық кірді.

Грузияда балалар алты жастан бастап 12 жыл оқиды. Сондай-ақ оқу жылы ТМД елдерінен екі апта кеш басталады. Биыл оқу бағдарламасына жаңа пәндер енгізілді. Мәселен, шахмат енді факультатив емес, баға қойылатын толыққанды сабаққа айналды.

Манана Самхарадзе, мектеп директоры:

- Жаңалығымыз, бірінші сыныптан шахмат ойнауды үйретеді. Сондай-ақ міндетті пәндер қатарына «Ақпараттық технологиялар» кірді. Оған қоса, математиканы ағылшын тілінде оқытатын бағдарламаға қосылды. Мұғалімдер арнайы дайындықтан өтіп, жаңа оқулықтар әкелінді.

Елдегі 18 мектепте «әскери іс» пилоттық жобасы қосылды, ал тағы 150 мектепте «регби» ойынын үйрете бастайды. Ал осы оқу жылының басты жаңалығы –мектептерде украиналық бөлімдердің ашылуы болды. Өйткені елде Украинадан келген 2 мыңнан аса оқушы мектепке барған. Әрі олар жеңілдетілген тәртіппен қабылданды.

Инна Лушпай, ата-ана:

- Грузия елінің бізді қабылдағанына дән ризамыз, мектеп бағдарламасын ана тілімізде жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Володимир Черных, украиналық бөлімнің үйлестірушісі:

- Украиналық бөлімдерде оқу аралас бағдарлама бойынша өтеді.  «Математика», «Украин тілі», «Әлемтану» украин тілінде оқытылады. Ал грузин тілі мен Грузия тарихы грузин тілінде үлкен сыныптарда оқытылады.

Биылдан бастап Грузияның барлық мектебінде электронды журналдар және мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналары пікір мен ақпарат алмасатын интерактивті платформа жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар пандемияға қатысты қабылданған барлық шектеудің күші жойылды.

Авторы: Юия Тужилкина