Испанияда ұшақ билетінің қымбаттауына қарамастан туристер ағылып жатыр

Бұл туралы Ұлттық статистика институты мәлімдейді.

Алайда билет құнына қарамастан, елге әлі де туристер ағылып жатыр. Қаңтар мен қыркүйек аралығында Испанияға 53 млн турист келген. Пандемия кезінде қатаң шектеулер шеңберінде қалған қоғамның өмірі қалыпты ырғағына қайта көшті.

Тек туризм саласынан биыл Испания бюджетіне 8 млрд еуроға дейін табыс түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда алты есе артық. Бір ғана туристің тәуліктік орташа шығыны 180 еуро, яғни 85 мың 140 теңге. Өнеркәсіп, сауда және туризм министрлігі мәліметінше, тамыз айында ғана Испанияға 9 млн, ал қаңтар мен қыркүйек аралығында 53 млн турист келген. Жергілікті тұрғындар: «Саяхатшылар легінен кей қызмет түрлерінің бағасы күрт көтерілді», – дейді.

Сарай Гомес, әуежай қызметкер:

- Биылғы туристер легі бізді әбден шаршатты. Әуежай қызметкерлері үлгере алмай, күндіз-түні жұмыс істедік. Туристер бірқатар салада бағаның күрт көтерілуіне әсер етті. Мысалы, қонақүй, такси, пошта, теңіз арқылы тасымал 7% дейін қымбаттап кетті.

Саяхатшылардың көптеп келуінен Испания қоғамы карантиндік шектеулерді де ұмытқандай. Әуежайда туристерден ковид паспорты бұрынғыдай талап етілмейді. Метрода да бетперде тағу міндетті емес. Десе де Испанияның Денсаулық сақтау министрлігі аз да болса, вирустың таралу қаупі әлі де бар деп мәлімдеді. Испания бойынша тәулігіне жүз мың тұрғынның жүз отызы ковид жұқтырады екен.

Денис Крус, Барселона қаласының тұрғыны:

- Қоғамды вирус емес, енді соғыс пен қымбатшылық алаңдатады. Ал туризм – Испанияға жақсы инвестиция әкелетін сала. Біз туристердің келуіне қарсы емеспіз, біз оларды қуана қарсы аламыз.

Испанияға ағылған 53 млн саяхатшының 23% – ұлыбританиялықтар, одан кейін Германия мен Франция тұрғындары екен. Сондай-ақ Ирландия, АҚШ, Солтүстік Еуропа елдерінің азаматтары да Испанияға жиі саяхаттай бастаған. Нәтижесінде небәрі үш айдың ішінде ұшақ билетінің құны 25% қымбаттады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач