Қытай валютасы әлсіреді

Таяуда Қытай ұлттық валютасының долларға бағамы соңғы 14 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Юаньнның әлсіреуін, елдегі экономикалық өсім қарқынының төмендеуімен байланыстырып отыр. Қытай орталық банкісі, ұлттық валютаны тұрақтандыруға бағытталған шаралар қабылдап жатыр.

Бір доллардың бағамы 7 юаньнан асып кетті. Соңғы бір айда Қытай валютасы долларға қарағанда 4 процентке арзандаған. Сарапшылардың пікірінше, доллар бағамының нығаюына АҚШ экономикасының біртіндеп қалпына келе бастағаны, сондай-ақ, инвесторлардың АҚШ федералдық қоры мөлшерлемені көтереді деген болжамы әсер еткен.

Хань Баоцзян, ҚКП ОК Партия мектебі экономика департаментінің директоры:

- Жеке өзім юаннің әлсіреуі Қытай экономикасындағы кейбір қиындықтарға байланысты болып отыр деп санаймын. Коронавирустың таралуы бәсеңдеп, экономика қалпына келе бастағанда, юань бағамы да қалпына келеді. Доллар бағамы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына тәуелді. Әлемдік экономика қалпына келгенде жалпы ахуал да жақсарады. Менің болжамымша, юань бағамы келер жылы қалпына келеді.

Жалпы қазір Қытай экономикасына үлкен қысым түсіп отыр. Бұл жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс пен пандемияға қатысты жүргізіліп жатқан қатаң саясатқа байланысты туындаған. Ірі шаһарлар мен қалаларда енгізілген толық және ішінара локдаундар қызмет көрсету саласына кері әсерін тигізді. Шектеулердің салдарынан адамдардың табысы азайып, тиісінше олар аз тұтына бастады. 

Хань Баоцзян, ҚКП ОК Партия мектебі экономика департаментінің директоры:

- Алғашқы жарты жылда экономика не бары екі жарым процентке өскен. Ал жоспар бойынша биыл елдің Жалпы ішкі өнімі бес жарым процент болуы керек-ті. Қатты артта қалғанымызды көріп тұрсыз. Бәлкім жыл соңына дейін болжанған көрсеткішке жетерміз. Бірақ Қытай экономикасына үлкен қысым түскенін мойындау керек, оған қоса пандемияның қашан аяқталатынын нақты ешкім білмейді. Шілде айынан бері экономиканы тұрақтандыруға арналған шаралардың екі топтамасын қабылдадық. Егер тамыз айының көрсеткіштеріне қарасақ, нәтиже мамандар болжағаннан да жақсы болып шықты.

Жуырда Мемлекеттік Кеңес Премьері Ли Кэцян үшінші тоқсанда экономика қалпына келіп, тұрақталғанын хабарлады. Мұны тамыз айында бөлшек сауда мөлшерінің өскені көрсетіп отыр. Тіпті кейбір сараптама агенттіктері үшінші тоқсандағы Жалпы ішкі өнім өсімінің болжамын 2,8 процентке дейін көтерді. Дегенмен, келер жылға болжам 5,3 проценттен төрт жарым процентке дейін төмендеді. Бұл пандемияға қатысты қатаң саясат кем дегенде 2023 жылдың көктеміне дейін сақталуымен байланысты.

Ботагөз Сырғабаева