Украинаға ескерту жасалды

Бүгін таңертең Украинаның бірнеше өңіріне ірі шабуылдар жасалды. Арасында Киев те бар. Ұзақ уақыттан бері шаһарға дәл осындай соққы тимеген еді. Шабуылдарды Ресей әскері жасаған. Мұны Владимир Путиннің өзі растап отыр. Кремль басшысы Украина жауынгерлері Ресей аумағында лаңкестік әрекеттер жасайтын болса, салдары ауыр болатынын ескертті. 

- Сарапшылар бұл Қырымдағы көпірдің жарылысына жауап ретінде жасалғанын айтады. Путиннің өзі де мұны растап отыр.

Киевте зымырандардың бірі президент кеңсесі мен Қауіпсіздік қызметіне жақын жерге түскен. Көліктер жанып, ғимараттар бүлінген. Қаза тапқандар бар. Соңғы мәлімет бойынша, 8 адам мерт болып, 20-дан астамы жарақат алған. Зымыранмен атқылау сәті тікелей эфирге түсіп қалған. Тура осы кезде Би-Би-Си тілшісі Хьюго Бачега Киевтегі ахуал туралы ақпарат таратып жатқан. 

Киевте бүлінген нысандар қатарында шыны көпір де бар. Темір жол вокзалына да зақым келген. Метро қозғалысы тоқтап, станциялар бомбадан жасырынатын орын ретінде қолданылған. Соңғы ақпарат бойынша, қазір метро қайтадан жұмыс істеп тұр. Украина тарабының хабарлауынша, бүгін таңертең Киев пен өзге өңірлерге бас-аяғы 83 зымыран ұшырылған. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері соның жартысынан астамын атып түсірген. 

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

- Украиналықтар! Бұл лаңкестердің ісі. Ондаған зымыран ұшырылды. Елдегі энергетикалық нысандар шабуылға ұшырады. Жау осылайша дүрбелең туғызғысы келеді. Олардың энергетикалық нысандардан бөлек көздегені - адамдар. Шығын көп болсын деп  әдейі таңертеңгі уақыт таңдалған. Бірақ біз бір-бірімізге көмектесеміз. Қирағанның бәрін қалпына келтіреміз. Неге бұлай болды? Жау біздің қашқанымызды қалайды. Алайда біз ешқайда қашпаймыз, біз тек алға қарай қозғаламыз. Біздің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйеміз жұмыс істеп тұр. Ол ондаған зымыранды атып түсірді. Бүгін арнайы орындарда жасырынып, тысқа шықпаңыздар. Әскерилеріміздің арқасында бәрі жақсы болады. Ең бастысы - қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар.

Киевтен бөлек тағы ондаған ірі қала шабуылға ұшырады. Салдарынан Львов, Харьков, ТернОполь, ЖитОмир, Кривой Рог, Чернигов жарықсыз қалды. Кейбір шаһарда судың берілуіне қатысты қиындықтар туындаған. Елдің 5 облысында интернет жоқ. Мектептер қашықтан оқуға көшірілді. Енді балалар апта соңына дейін үйден оқитын болады.  

Бүгінгі шабуылдарды Ресей әскерилері ұйымдастырғанын Кремль басшысы растады. Ол бұл жайында қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында мәлімдеді. Владимир Путин энергетикалық, байланыс және әскери нысандар соққыланғанын айтты. Ол сондай-ақ Қырымға жасалған шабуылды теракт деп атап, ол үшін Украинаның арнайы қызмет өкілдерін айыптады. Кремль басшысы лаңкестік әрекеттер жалғасатын болса, қатаң шара қолданылатынын ескертті.

Владимир Путин, Ресей Президенті:

- Криминалистік және өзге сараптамалардың нәтижелері көрсетіп отырғандай, 8 қазанда ұйымдастырылған жарылыс лаңкестік әрекет болған. Ол Ресейдің маңызды азаматтық инфрақұрылымын жоюға бағытталған. Оған тапырыс бергендер де, орындағандар да Украинаның арнайы қызметі екеніне еш күмәніміз жоқ. Энергетика, газ- көлік инфрақұрылымын бүлдіру мақсатында басқа да шабуылдар жасалған. Мұндай қылмыстарды жауапсыз қалдыру мүмкін емес. Сөйтіп бүгін таңертең Қорғаныс министрлігінің ұсынысы және бас штабың жоспары бойынша Украинаның энергетикалық, байланыс және әскери нысандарына дәлдігі жоғары ірі шабуылдар жасалды.

Ресейдің бұл әрекетін әлемдік қауымдастық қатаң сынға алды. Еуроодақ өкілдері Украинаға қолдау білдіріп, елге қосымша әскери көмек бөлінетінін жеткізді. Ұлыбританияның сыртқы істер министрі украиналық әріптесімен телефон арқылы сөйлесіп, қаржылай көмек көрсетіледі деді. Ал Беларусь басшысы болса, Ресейге қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Қос мемлекеттің жетекшілері бірлескен аймақтық әскерлер тобын құруға келісті. Бұл туралы Беларусь басшысы Александр Лукашенко жақында қауіпсіздік мәселелері бойынша өткен кеңесте мәлімдеді. Ол мұны “одақтас мемлекеттің батыс шекараларындағы жағдайдың шиеленісуімен” байланыстырады. Лукашенконың мәлімдемесіне сәйкес, келісім Санкт-Петербургте ТМД елдерінің бейресми Саммитінен кейін Путинмен жеке кездесу кезінде жасалды. Беларусь Президенті мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Лукашенко Украина аумағынан Беларуське шабуыл жасалады деген ақпарат естігенін жеткізді.