АҚШ-та саяси науқан қызды

Қарашаның сегізінде Парламент аралық сайлау өтеді. Конгрестің қос палатасына Сенат пен өкілдер палатасының депутаттары сайланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар Конгрес сайлауы Байден әкімшілігі үшін сынақ болатынын айтады. Сайлау нәтижесі бойынша АҚШ Конгресінің құрамы жаңарады. Өкілдер палатасының төрт жүз отыз бес мүшесі және сенаттағы жүз орынның үштен бірі яғни 35 адам жаңарады немесе қайта сайланады. Сондай-ақ, сегізінші қарашада 36 шататтың губернаторы, бас прокурорлар және заң шығарушы органдардың мүшелері сайланады.

Президент өкілеттігінің ортасында дәстүрлі түрде өтетін бұл науқан аралық сайлау деп аталады. Оның нәтижесі бойынша алдағы екі жылда Конгресте кімнің дауысы басым болатыны белгілі болады әрі 2024 жылы өтетін президенттік сайлауға сынақ іспеттес. Жалпы мұндай аралық сайлауда электорат аса белсенділік таныта қоймайды. Бірақ Жоғарғы соттың түсік жасатуға тиым салған шешімі әйелдер арасындағы белсенділікті арттырады,дейді сарапшылар.

Линдсли Кормак, саясаттанушы:

– Таяуда Канзаста түсік жасатуға тыйым салынған соң әйелдер көбірек сайлауға қатысты. Демек қарашадағы сайлауда да олар белсенді болады.

Жалпы АҚШ-тың сенатында демократтар мен республикашылардың дауысы тең. Бірақ вице-президент Камала Харрис шешуші дауысқа ие. Демек бақылау демократтардың қолында. Сенатта олар республикашылардан бір дауыс артық. Демократтар жоғары палатада өз ықпалын сақтап қалуы ықтимал. Бірақ, болжам бойынша өкілдер палатасында, біздіңше мәжілісте республикашылар басым түсуі мүмкін.

Линдсли Кормак, саясаттанушы:

Бізде әлі шешілмеген көптеген мәселелер бар. Елдегі инфляция, экономикадағы қиындықтар, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы сияқты сайлауылардың қалтасын қағатын мәселелер таңдауға әсер ететін сөзсіз.

Қайткенде де бұл сайлауда Байден әкімшілігінің тиімділігі сынаққа түседі. Саясаттанушының сөзінше аралық саяси науқанда Дональд Трамп та Барак Обама да Конгрестегі жақтастарын жоғалтып алған. Сондықтан тарих қайталануы мүмкін.  

Нұрбек Бекен, тілші:

– Жалпы АҚШ-тың аралық сайлау тарихында билеуші партияның жеңілуі сенсация емес. 1950 жылдан бері осындай саяси науқанда билеуші партия Сенатта үш, өкілдер палатасында жиырма бес орыннан айырылып отырған. Тіпті 2010 жылы Барак Обаманың бірінші мерзімінің ортасындағы аралық сайлауда демократтар Сенатта алты, ал өкілдер палатасында бақандай алпыс үш орыннан айырылып қалған.

Нұрбек Бекен