Еуроодақ Украинаға әскери көмектің алтыншы пакетін мақұлдады

Кезекті жәрдемнің құны – 500 млн еуро. Қаражат әскери техника сатып алуға жұмсалмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар дәрі-дәрмек пен жанармай шығынын өтейді. Бұған қоса, Еуроодақ өз аумағында 15 мың украиналық сарбазды жаттықтыратынын мәлім етті. Жалпы бүгінде Одақтың Киевке көрсеткен көмегі 3 млрд еуродан асты.

Жозеп Боррель, ЕО сыртқы саясат және қауіпсіздік бойынша жоғарғы өкілі:

– Соғыстың әлеуметтік-экономикалық зардабын күллі әлем тартып отыр. БҰҰ-ның соңғы дауыс беруінде Ресейдің моральдық және саяси-әскери тұрғыдан одан бетер оқшауланғанына көзіміз жетті. Ресей бұл шиеленісте ұтылады. Ал әскери көмектің алтыншы пакеті Еуроодақтың Украинаны барынша қолдайтынын дәлелдейді.