Испания үкіметі қуат көздерін қатаң үнемдеуге көшті

Испания үкіметі келесі көктемге дейін елдегі газ тұтынуды 14 %-ке дейін төмендетуге бағытталған шаралар кешенін бекітті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, ел билігі аймақтарда газ тұтынуды азайтып, қуат көздерін үнемдеуге қатысты жаңа тәртіпті тез арада жүзеге асырмақ.

Испанияның министрлер кеңесі ең алдымен «Энергетикалық қауіпсіз» деп аталатын үкіметтің Жол картасын бекітті. Осы жоспар аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, газ тұтынуды азайтуға, басқа да Еуропалық елдермен осы саладағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған  бірқатар ірі шаралар кешенін қабылдамақ. Келесі көктемге дейін Испания бойынша көгілдір отынды тұтыну 5-тен 14% дейін төмендеуге тиіс.

Жозе Луис Кава, банк қызметкері:

- Испаниядағы инфляцияның көлемі тамыз айында 10% асып, 37 жыл ішіндегі ең жоғарғы көрсеткішті құрады. Қазіргі таңда елде қуат бағасымен қатар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны жылдам өсіп жатыр, сондықтан билік осындай қатаң шараларды қабылдауға мәжбүр.

Ең алдымен электр энергиясы үшін төлемдердің ашықтығы талап етілмек. Ірі облыстардың басшылары орталық билікке 1 желтоқсанға дейін өңірдегі қуат үнемдеудің нақты жоспарын көрсетуге тиіс. Қыркүйекте Сенат отырысы кезінде: Испания Ресейден газ тасымалын толығымен тоқтатуға дайындалып жатыр, – деп мәлімдеген Испанияның Үкімет басшысы Педро Санчес. Атап өту керек, ел нарығындағы Ресей газының үлесі шамамен 12%.

Луис Гарикано, экономист:

- Испания газды бүгінде бес елден тасиды. 30% астам үлесі бар АҚШ – Испанияның ең ірі газ экспорттаушысы. Ал көгілдір отынға қажеттіліктің 22% Алжир жауып келген. Ресейдегі үлесіміз 10%  асады. Дегенмен Еуропа елдері бірігіп, Ресей газының тасымалын тоқтатуы керек, өйткені біз төлеген қаражат қалай жұмсалып жатқанын әлем көріп отыр.

Испанияда қабылданған қуат көздерін үнемдеуге қатысты заң да қыркүйектің аяғында күшіне енді. Бұдан былай қуатты көп тартатын құрылғыларды пайдалану бойынша лимит енгізіліп отыр. Белгіленген ереже тұрғындардан бастап мемлекеттік органдар мен түрлі көлемдегі сауда алаңдарын қамтиды. Қалаларда сәулет ескерткіштерін де түнде жарықтандыруға тыйым салынды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач