Қытай компартиясының съезі жабық түрде өтіп жатыр

Бейжіңде Қытай коммунистік партиясының ХХ съезі өтіп жатыр. 

Бұл әр бес жыл сайын өтетін ауқымды жиын. Билік басындағы партияның басты жиыны сенбіге дейін жалғасады. Қаузайтын тақырып сан саланы қамтиды. Соның бірі Қытай дипломатиясының ерекшеліктері. 

Съезд жабық түрде өтіп жатыр. Дегенмен, делегаттар ақпарат құралдары өкілдерімен күніге кездеседі. Бұл жолы Қытай дипломатиясының ерекшеліктері туралы айтты. Си Цзинпинь билікке келгелі елде қытайлық ерекшеліктері бар социализмнің жаңа дәуірі жарияланды. Осы кезеңнің дипломатиясы жан-жақты, көп деңгейлі және үш өлшемді деп сипатталады. Мәселен Ресеймен жаңа дәуірде жан-жақты қамтылған серіктестік  пен стратегиялық өзара әрекеттесу құру көзделген. АҚШ-қа қатысты өзара сыйластық, бейбіт, қатар өмір сүру және екі жаққа тиімді сауда қағидаттары жарияланды. Ал дамушы елдермен ынтымақ нығая түсті.

Ма Чжаосюй, ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Біз ұлттық намысымыз бен басты мүдделерімізді табанды түрде қорғап, жауынгерлік рухымызды сақтап қалдық. Арандатпақ болған шетел делегацияларымен күрестік, барлық сепаратисттік қимылдарға қарсы шығып, сыртқы күштердің араласуын тоқтаттық. 

Қытай дипломаты көршілес елдерге қатысты стратегияның күшейгенін ерекше атап кетті. Оларға Қазақстан да жатады. Жалпы Си Цзиньпин ұсынған сыртқы саяси тұжырымдама өзара түсіністік пен диалог негізінде серіктестік қарым-қатынас орнату және қауіпсіздіктің әділ үлгісін құруды қарастырып отыр. 

Ма Чжаосюй, ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Бас хатшы Си Цзиньпиннің "Бір белдеу, бір жол" бастамасы ынтымақтың танымал платформасына айналды. Жаһандық даму мен қауіпсіздікке бағытталған бастамалары бүкіл әлемдегі бейбітшілікке жаңа серпін берді. Қытай БҰҰ ұйытқы болған халықаралық жүйені қолдап отыр.

Дипломат өз сөзінде Қытай азаматтарын тез арада Украина аумағынан кетуге шақырды. Оның айтуынша, Украинадан бес мыңнан аса қытайлық шығарылған.

Ботагөз Сырғабаева