Әлемнің бірқатар елінде сайлау науқаны жүріп жатыр

Президент болуға әркім құмар. Біздің елде ғана емес, әлемнің біраз жерінде қазір сайлау науқаны. Бразилияда үміткерлердің тартысы басталды. Ал Америкада саяси партиялардың салмағы сыналар сәт жақындап қалған.

1 ай бұрын ғана Үкімет басшысы қызметіне келген Лиз Трасс отставкаға кетуі мүмкін. Өйткені ел арасындағы беделі тым төмен. Парламент фракциясынан да қолдау жоқ. Трасстың рейтингі 16 пайызға да жетпеген. Бірақ алдын ала тон пішпестен бұрын, алдымен мәселенің мән-жайына тоқталсақ. Лиз Трасс министрлер кабинеті тізгінін қолға алғанда салық пен әлеуметтік шығындарды азайтуға уәде берген еді. Алайда оны айтуын айтқанмен, нәтиже жоқ. Корольдіктің қаржы тұрақтылығы, зейнетақы жүйесі жалпы алғанда экономикасына айтарлықтай қауіп төнді. Осыдан соң қаржы министрі қызметінен кетті. Артынша ішкі істер министрі де орнын босатты. Конверсаторлар енді Трассқа отставкаға кетуге кеңес берсе, халық оның шешімдерін сынға алып жатыр.

БЛИЦ

- Үкімет басшысы өте көп қате жіберді. Бизнеске қолдау көрсете отырып, салық мөлшерін азайту меніңше дұрыс шешім емес. Ипотека, пайыздық мөлшерлеме және олардың фунтқа әсерін ойлаған жоқ.

- Менің ойымша, отставкаға кетуі керек. Бір жағынан қызметінде қалғаны да дұрыс сияқты. Себебі егер ол кетсе, арты үлкен дүрбелеңге айналады.

Бразилияда сайлауға санаулы күн қалды

Шамамен 2 аптадан кейін Бразилия халқы жаңа президент сайлайды. Екінші кезеңде қазіргі мемлекет басшысы Жаир Болсонару мен бұрынғы президент Луис Инасиу Лула да Силва тартысқа түседі. Кімнің асығы алшысынан түседі? Әзірге дөп басу қиын. Бірақ сауалнама, саяси додада жеңіске жетуге екі үміткердің де мүмкіндігі бар дейді. Лула сайлаушылардың 49 пайызынан қолдау тапса, Болсонаруды дауыс берушілердің  45 пайызы жақтайды екен. Мамандар  бұл екеуінің арасалмағында 2 пайыз ғана айырма бар дейді. Естеріңізге сала кетейін, сайлаудың алғашқы турында Лула 48 пайыз, ал Болсонару 43 пайыз дауыс жинаған еді. 

Малайзияда Парламент сайлауы өтеді

Малайзия да дептутаттарын сайлайды. Саяси науқан 11-ші айдың 19-ында өтеді. Оған 21 миллион адамның қатысу құқығы бар. Айта кетейін, қазанның 10-ында Малайзия парламенті таратылып, кезектен тыс сайлау өтетінін жарияланған еді. Сол кезде премьер-министр мұндағы мақсат елдегі саяси тұрақсыздықты тоқтату деген болатын.

Конгреске аралық сайлау

Үш аптадан кейін АҚШ-та да сайлау өтеді. Дәлірек айтқанда, конгреске аралық сайлау. Сондықтан аталған саяси науқанға қазір тек америкалықтар ғана емес, бүкіл әлем көз тігіп отыр. Өйткені, оның қорытындысы бойынша алдағы екі жылда Конгресті кім бақылайтыны анықталып қана қоймай, американың ішкі және сыртқы саясаты қандай бағытта өрбитіні де белгілі болады. Осы мақсатта қарашаның 8-і күні өкілдер палатасының барлық төрт жүз отыз бес мүшесі мен жүз сенатордың үштен бірі саяси додаға түседі. Қазір демократтар аз да болса конгрестің қос палатасында да басымдыққа ие. Бірақ, бұл жағдай өзгеруі мүмкін. Айта кетейін, мұндай аралық сайлауда электорат әдетте аса қатты белсенділік таныта қоймайды. Бірақ түсік жасатуға тыйым салу мен инфляцияның артуы халық арасында белсенділікті арттыруы мүмкін, дейді сарапшылар. Өз кезегінде президент Байден сайлауда демократтар жеңіске жетсе, конгресске түсік жасатуға рұқсат беретін заң жобасын жолдауға уәде етті.

Сондай-ақ...