Кореяда Қазақстан суретшілерінің көрмесі өтіп жатыр

«Қазақстанның жері мен аспаны». Сеулде өтіп жатқан көрме осылай аталады.

Экспозиция Астана мен Сеул арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған. Келушілер назарына біздің елдің 24 заманауи суретшісінің 40-тан астам картинасы қойылған. Дегенмен картина авторларының көпшілігі Кореяға келе алмады. Бірақ көрменің ашылу салтанатын онлайн тамашалады. Тек Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғалия Мұқашева ғана осы елге келіп, өз туындыларын жеке таныстырды. Ол Сеулге екі картина әкеліпті.

Ғалия Мұқашева, суретші:

- Бұл менің Кореяға бірінші келуім және менің алғашқы әсерім. Бұл - өте әдемі ел. Және осы елге келіп өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Менің осы елге деген құрметім шығармаларымнан көрініс табатын болады.

Чо Сын Хи, көркем галерея директорының орынбасары:

- Былтыр Сеулде қазақ суретшілерінің картиналарын алғаш рет көрдім. Маған олардың туындылары өте ұнады. Ол кезде мен олар туралы көп білмейтін едім. Биыл галереямызға 24 суретшіні шақыруды жөн көрдік. Бұл жолы Қазақстанның үлкен мемлекет екенін түсіндім. Алматыда 2 күн ғана болдым. Онда көрме ұйымдастыра аламыз деп үміттенемін, басқа қалаларды да аралап көргім келеді.